Таразда премьер-министр Әлихан Смайылов пен министрлер кабинетінің төрағасы – Қырғызстан президенті әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаровтың қатысуымен Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің 11-ші отырысы өтті. Кездесуде бірқатар мәселе талқыланды, соның ішінде екі мемлекет суды үнемдеп пайдалану туралы келісімге келді. Бұл туралы World of NAN порталы премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында тараптар екіжақты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Республикалар арасындағы өзара тауар айналымы тұрақты өсіп келеді. 2022 жылы сауда көлемі шамамен 19%-ға өсіп, 1,3 млрд долларға жетті, биыл да оң динамика байқалады. 7 айда тауар айналымы 13 пайызға өсіп, 757 миллион долларды құраған. Сонымен қатар көлік-транзиттік, коммуникациялық, туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастық дамып келеді.
Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтерінің басшылары екі елдің мүддесін ескере отырып, өзара құрмет пен тату көршілік рухында су шаруашылығы саласындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.
«Біздің халықтарымыздың өміріне тікелей әсер ететін экология және суды ұтымды пайдалану саласында ынтымақтастықты дамыту аса маңызды болып табылады. Су ресурстарын әділ және ашық басқаруды қамтамасыз ету мақсатында бізге мемлекетаралық су шаруашылығы каналдарын цифрландыру арқылы тиімді мониторинг жүргізу тетігі қажет. Гидрологиялық ақпарат алмасуды, атап айтқанда, су қоймаларына келетін ағын су және бассейн бойынша су алу жөнінде ақпараттармен қамтамасыз ету маңызды», — деді ҚР Премьер-Министрі.
Екі мемлекеттің үкіметаралық кезедесуінің нәтижесі ретінде екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастықтары құны 65 млн доллар болатын келісімдерге қол қойды.
Тамыз айының басында Қырғызстан Қазақстан билігімен жасасқан келісімшартқа сай, су беруді тоқтатқан еді. Мұның соңы Жамбыл облысындағы жүздеген шаруашылық егістігінің күйіп кетуіне апарып, өңірде төтенше жағдай жарияланды.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение