Бішкек қаласында екі мемлекеттің өкілдері кездесіп, Жамбыл облысының суармалы жеріне су беру туралы келісім жасалды. Келіссөздер қорытындысы бойынша, Талас өзеніндегі «Түйте» каналы арқылы су беруді қалпына келтіру бойынша іс-шаралар атқару туралы шешім қабылданды. Бұл туралы World of NAN порталы Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылық министрі Асқарбек Жәнібековпен кездесуі кезінде трансшекаралық су ресурстарын пайдалану мәселесін талқылады. Министр Нұржігітов Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын қолдану жөніндегі бірлескен Комиссияға тиісті тапсырма берді.
Сонымен қатар, ол мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы нысандарының тізбесін кеңейту қажеттігін айтып өтті. Мәселен, қазақстандық тарап осы тізбеге «Ақмолда», «Қаратақы» және «Төментамға» арналарын Күркіресу өзеніндегі құрылыстарымен, Шу өзеніндегі «Колос» каналын және «Кож» каналын Талас өзеніндегі құрылыстарымен бірге енгізуді ұсынады.
«Өздеріңіз білетіндей, биыл Жамбыл облысының шаруалары Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде суармалы су тапшылығын сезінді. Сондықтан осындай жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін қырғыз әріптестерімізбен бірге Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде келесі вегетациялық кезеңді дұрыс жоспарлау бойынша жұмысты алдын ала жасау өте маңызды», – деді ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов.
Министрлік хабарламасында суды пайдалану туралы келісім жасалғаны айтылғанымен, нақты қандай келісім жасасқаны көрсетілмеген.
Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі бірлескен Комиссияның келесі отырысы 14 желтоқсанда Алматы қаласында өтеді.
Биыл жазда Қырғызстан Жамбыл облысына су жіберуді тоқтатып, Жамбыл облысындағы жүздеген фермердің егістігі күйіп кеткен еді. Кейін үкімет облыс аумағында төтенше жағдай жариялап, зардап шеккен фермерлерге көмектесуге уәде берді. Қырғыз тарабы суды келісімшартта көрсетілген мөлшерде жібергенін айтқан.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение