Мәзір

Қазақстанда балық шаруашылығының көлемі соңғы бес жылда жеті есе артты

29.05.2023
Қазақстанда балық шаруашылығының көлемі соңғы бес жылда жеті есе артты

Қазақстанда бесінші жыл қатарынан тауарлық балық өндірісінің белсенді өсімі байқалады. Energyprom мониторинг агенттігінің хабарлауынша, мемлекеттің кәсіпкерлік шығындарды өтеп беруі өндірістің дамуына серпін беріп отыр.

2017 жылдан бері балық өсірушілер жыл сайын өндіріс рекордын жаңартып келеді. Бес жыл бұрын қолдан өсірген балықтың көлемі жылына 2,7 мың тонна болса, 2022 жылдың аяғында 19,2 мың тоннаға жетті, яғни 7 есе өскен.

Өткен жылды 2021 жылмен салыстырар болсақ, жылдық динамика да айтарлықтай жақсарғаны байқалады: өндіріс көлемі 30 пайызға жуық артқан. Соған қарамастан, балық шаруашылығының жалпы көлемі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі (ЭГТРМ) белгілеген межеге жеткен жоқ. Шенеуніктер 2022 жылдың соңына дейін балық өсірушілер сатылымға 22,7 мың тонна балық шығарады деп үміттенген.

ЭГТРМ-нің 2020–2024 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, 2024 жылдың соңына қарай балық өсіру екі есеге ұлғайып, 42,3 мың тоннаға жетуі керек. Өндіріс көлемін осылай күрт арттыру үшін мемлекет қажет алғышарттар дайындағанын айта кеткен жөн. Кәсіби ведомствоның хабарлауынша, бизнес-жобаларға салынатын салық 70 пайызға төмендетіліп, 2021 жылдың шілдесінен бастап балық тұқымын алуға жұмсайтын шығынның тең жартысын, дәрі-дәрмек пен жемге жұмсайтын шығынның 30 пайызын мемлекет өтей бастады. Ал былтырғы жылдың шілдесінен бастап балық шаруашылығына қажет техника және жабдықтар сатып алуға жұмсалатын инвестициялық шығындардың 25 пайызын мемлекет қайтарып береді.

Елімізде 380 балық шаруашылығы жұмыс істейді, бұл екі жыл бұрынғыдан екі есеге артық. Оның басым бөлігі көл-тауарлы шаруашылықтар, олардың жалпы саны – 291. Ал 60 кәсіпорын тоған шаруашылығы түрінде, 13 кәсіпорын торлы балық (садковое рыбоводство) өсірумен айналысады. 16 бизнес-жоба технологиялық күрделі айналымды сумен жабдықтау жүйесін пайдалана отырып және бассейндік шаруашылықтарда балық өсіруге бағытталған. Өнеркәсіптік өсіруге арналған балықтардың негізгі түрлері – бекіре, тұқы, форель, албырт, тилапия, сом және т.б.

Балық шаруашылығы бойынша облыстар арасында Түркістан облысы көш бастап тұр. Арал-Сырдария бассейнінде 125 балық шаруашылығы бар. Ал балық шаруашылығының саны бойынша екінші орында – солтүстік Есіл алабы (107), үшінші орында су ресурстарына бай – шығыс Зайсан-Ертіс алабы (44) тұр.

Балық шаруашылықтары жыл сайын артып келе жатқанымен, оның өндіріс көлемі ауланатын балықтың көлеміне әзірше жете алар емес. Екеуіне жұмсалатын өндірістік шығындар да салыстыруға келмейді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр қолдан өсірген балыққа қарағанда, табиғи су айдындарынан ауланған балық көлемі 2,6 есе көп болған. Мемлекет балық шаруашылығын қаржыландыруды тоқтатқаннан кейін жағдайдың қалай өзгеретіні де белгісіз.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии