Еліміздегі сүт өңдейтін екі ірі кәсіпорын жабылып, 12 құс фабрикасы жұмысын тоқтатқан. Ресей мен Беларусь елінен келіп жатқан арзан өнім фермерлерді шығынға батырды. Мемлекет субсидияны уақытылы төлемей жатыр. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров кеше Парламент отырысында ауыл шаруашылығындағы аянышты жағдай туралы айтты, деп хабарлайды World of NAN.
«Алматыдағы «Агропродукт» және Солтүстік Қазақстандағы «Маслодел» сүт өңдейтін екі ірі кәсіпорын жабылды. 12 құс фабрикасының жұмысы тоқтады. Ресейден, Беларусьтен, Өзбекстаннан құс өнімдері импортының артуы байқалады. Қытайдан сапасы күмәнді өнімдер көптеп әкелініп жатыр», - деді депутат Ерлан Саиров.
Ақпан-шілде айларында ішкі нарықта ресейлік және беларусь шұжық өнімдерінің бағасы екі есеге арзандап, қазақстандық ет өңдейтін кәсіпорындар зардап шеккен.
Депутат субсидиялау жүйесіндегі проблемаларды да атап өтті. Оның айтуынша, Gosagro субсидиялау жүйесі қалыпты режимде жұмыс істемейді. Фермерлер 2020 жылдан бері барлық субсидия түрін уақытында ала алмаған. Бұл оларды жылдық 20 пайызбен қымбат несие алуға мәжбүр етіп, қаржылық жағдайын айтарлықтай нашарлатып отыр.
Оның айтуына қарағанда, Ақмола облысының өзінде 23 мың өтінімнің 13 мыңы ғана қаралған, ал Жетісу облысында 1 600 диқан пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды ала алмай отыр.
«Биыл шаруаларды қолдауға субсидия былтырмен салыстырғанда 5,4%-ға аз бөлінді. Тыңайтқыштарға субсидиялау 23%-ға, пестицидтерге 27%-ға, мал шаруашылығына 21%-ға, бағаны тұрақтандыруға субсидиялау 20%-ға қысқарды. Ауыл шаруашылығын субсидиялауға биыл бөлінген қаржы, өткен жылғы қарызды өтеу үшін жұмсалған. Ал биылғы тапсырыс бойынша 124,5 млрд теңге тапшылық пайда болған. Үкімет Қосымша қаржы бөлу жөніндегі шешімді әлі қабылдаған жоқ», - дейді Саиров.
Депутаттың сөзінше, мал шаруашылығында да жағдай күрделі.
«Тірі малды әкетуге тыйым салу, ірі қараның экспортына квота жасау шаралары да теріс нәтижелер берді. Ауылда жеке үй шаруашылықтары өздерінің малын өткізуге зар болып қалды. Соның салдарынан малға қарап отырған ата-аналар балаларын мектепке дайындауға ақшалары жоқ. Халық нанды қарызға алатын жағдайға жеткен. Қазақстанның астық нарығындағы жағдай да тұрақсыз. Азықтық бидайдың орташа құны былтырмен салыстырғанда 1,5-2 есеге арзандап кетті, бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жаппай банкротқа ұшырауына себеп болуы мүмкін», - дейді ол.
«Мұндай жағдайда еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мүмкін емес. Бүгінде Ресей сүт өңдеушілерге тоннасына 25 доллардан субсидия берсе, Қазақстанда 5 доллардан аспайды. Келер жылдан бастап Ресей сүт өнімдерін экспорттаушылардың көлік шығындарын толығымен өтейтін болады. Сонда не істейміз?» – деді депутат.
Саиров еліміздің аграрлық саласы дағдарыс алдында тұрғанын айтып, фермерлер мен ауыл тұрғындарын қолдауға шақырды.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение