Ауыл шаруашылығы министрлігі қысқы маусымда мал азығына тапшылық болмайды деп хабарлады. Бұған сенуге негіз бар ма? World of NAN порталы bossagro.kz сайтына жарияланған мақалаға сілтеме жасай отырып, осы сұраққа жауап береді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі елде жем-шөп тапшылығы болмайды деп хабарлағанымен, өңірлердегі нақты көрініс көңіл көншітпейді. Бірқатар облыста құрғақшылық салдарынан шөп өте аз. Сүрлем (силос) жинауға арналған жүгері алқаптары да құрғақшылықтан зардап шекті, өсімдіктер жеткілікті жасыл масса жинай алмады. Сондықтан көптеген шаруашылықта жемшөп болжанған мөлжерден айтарлықтай аз болады.
Мал шаруашылығы саласының мамандары жер-жерде қалыптасып жатқан көрініске сүйене отырып, мал азығын дайындаудағы мәселелер малдың жаппай қырылуына әкелетінін түсінеді.
Министрлік 7 тамыздағы жағдай бойынша, Қазақстанда 12,7 миллион тонна шөп дайындалғанын хабарлады. Бұл биылғы жылға жоспарланған көлемнің 50,7 пайызын құрайды. Осы мәліметтерге сүйенсек, ведомствоның жоспары бойынша, Қазақстанда қысқы кезеңге дейін 25 049 309 тонна шөп дайындалуға тиіс.
Ауыл шаруашылығы жануарларының саны туралы статистикаға көз жүгіртсек, биылғы жылдың 1 наурызында елімізде ірі қара мал саны – 8925 мың бас, жылқы – 3794 мың бас, қой мен ешкі – 22 438 мың бас болған (ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметтері.) Ірі қараға қысқы кезеңге бір мал басына орта есеппен 4 тонна шөп қажет екенін ескерсек, ал қой мен ешкіге қыста басына 200-250 кг шөп қажет болса, Қазақстанда кем дегенде 41 миллион тонна шөп жиналуы керек екен, бұл жылқыларды есепке алмағандағы көрсеткіш. Осыған қарап-ақ жем-шөп тапшылығы қазірдің өзінде бар екенін байқауға болады. Қыркүйекке дейін қанша мал азығы дайындалатыны белгісіз, бірақ фермерлер өнім аз болатынына сенімді.
Бәлкім мал мамандары тым пессимистік баға берген болар. Министрлік айтқандай, шынымен де жем тапшылығы болмайтын шығар. Бірақ 2022 жылы елде 235,2 мың тонна мал азығы қоры қалыптасқанына қарамастан, цифрлар басқаша көрсетіп отыр. Қажет болған жағдайда Азық-түлік корпорациясы мал және құс фабрикаларын қолдауға арзандатылған бағамен қор жібереді.
Әзірше жем-шөп дайындау науқаны жалғасып, фермерлер өз күші мен мүмкіндіктеріне ғана сүйеніп, ірі қара малға арналған қыстық азықты мейілінше мол дайындауға барын салып жатыр. Сол себепті көп шаруа қожалықтарында комбайндардан сабан жарғышты шығарып, барлық сабанды орап, пішенге апарып жатыр. Бір айдан соң қысқы кезеңге жем-шөп дайындаудың нақты көрінісі ортаға шығады, ал малды жаппай сою белгілерінің бар-жоғын ет өндіру статистикасы көрсетеді.
Айта кетерлігі, бүгін пішеннің тоннасын өңірге қарай 30-50 мың теңгеден сұрап отыр. Мұндай шығын жағдайында шаруашылықтарда мал ұстаудың рентабельділігі туралы айтудың да реті жоқ.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение