Қазақстанның сүт өндірушілері тиісті қытайлық стандарттың болмауына байланысты құрғатылған бие сүтін экспорттай алмай келген еді. Енді 2025 жылдан бастап бұған мүмкіндік ашылады. Бұл жөнінде World of NAN порталы kapital.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Қытай Халық Республикасының заңнамасы бойынша Қытай нарығына әкелінетін барлық өнім жергілікті стандарттарға сай болуы керек. Сондықтан Қытай нарығына сәтті шығу үшін құрғақ бие сүтінің ұлттық стандартын әзірлеу әрі бекіту қажет болды. ҚР Сауда министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті мен Қазстандарттың бірнеше мәрте өтініші мен күш-жігерінен кейін 2019 жылы Қытай Халық Республикасының Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясында стандартты дайындау жұмыстары басталды», - деп түсіндірді министрлік.
Қытайда ұлттық стандарттарды әзірлеудің орташа уақыты екі жыл екенін ескерер болсақ, құрғатылған бие сүті стандартының бекітілуі айтарлықтай жетістік саналады. Бекітілген стандарт 2025 жылы күшіне енеді.
Бұл стандарт қазақстандық өндірушілер үшін жаңа перспективалар ашып, оларға қазақстандық өнімді Қытайға жеткізу бойынша келіссөздерді қайта бастауға және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстан әлемдік сүт нарығындағы салыстырмалы түрде аз үлесіне қарамастан, ұнтақталған бие сүтін өндіруде бірегей мүмкіндікке ие болып отыр. «ЕвразияИнвест Ltd» ЖШС, «S-Agro-Borovsko» ЖШС сияқты компаниялар, басқа да өндірушілер осы бірегей диеталық өнімді ішкі және сыртқы нарықта белсенді түрде ілгерілетіп келеді.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение