Мәзір

Қазақстанның астық нарығы: алдағы маусымда бізді не күтіп тұр?

13.07.2023
Қазақстанның астық нарығы: алдағы маусымда бізді не күтіп тұр?

Қазақстанның жаңа астық маусымы 1 қыркүйекте басталса да, қазірдің өзінде жаңа әлемдік трендердің әсерінен нарық қалыптаса бастады. Harvest Kazakhstan директорының орынбасары Қазыбек Омаровтың айтуынша, жаңа маусымнан оң нәтиже күтіліп отыр. Бірақ кедергілер мен тәуекелдер де аз болмай тұр, деп хабарлайды World of NAN.

Қазыбек Омаров АПК ИНФОРМ агенттігіне берген сұхбатында Қазақстандық нарықтың жай-күйі, алдағы маусымға жасап отырған болжамдары мен эксперттік ойларын ортаға салды. Оның 2023-2024 жылғы астық маусымына жасаған болжамы негізінен оң, өйткені нарық мол көлемді өтпелі қор мен жоғары түсімділіктен құралатын сияқты. Баға да маусым бойы тұрақты болмақ. “Дегенмен астық нарығы күрделі және түрлі ауытқуға тәуелді екенін ұмытпауымыз керек. Астық нарығының құбылмалылығына ауа райы, валюта бағамы, астыққа әлемдік сұраныс көлемі, саяси және экономикалық фавторлар, оның ішінде сауда саясатының өзгеруі әсер етеді”, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, биыл Қазақстанда арпа мен бидай егістігінің көлемі ұлғая түскен. Ресми статистикалық деректер жарияланбағанына қарамастан, сарапшының есептеуінше, биыл 12,9 млн гектар алқапқа – бидай, 2,35 млн гектар алқапқа – арпа егілген.

Омаров Өзбекстанда ұн өңдейтін зауыттардың жекешелендіріле бастауы екі мемлекет арасындағы сауда-саттыққа әсер етуі мүмкін екенін айтады. Енді Қазақстаннан ұн экспорты азайып, оның орнына Өзбекстанға шикі астықты көбірек экспорттай бастауы мүмкін. Дегенмен бұл тұста да көптеген фактор әсер етпей қоймайды. Мысалы, бұл Өзбекстандағы ұнға деген сұранысқа, Қазақстандағы астықтың түсімділігі мен сапасына, астық пен ұнды тасымалдайтын логистикалық мүмкіндіктерге байланысты.

Сонымен қатар, сарапшы Қазақстанның астық нарығына Ресейдің сұр экспорты орасан зиян тигізіп жатқанын айтады. “Қазақстандық өндірушілер мен экспорттаушылардың кейінгі бірнеше маусымдағы «бас ауруларының» бірі – ресейлік астықты «сұр» схемамен импорттаушы трейдерлердің жосықсыз бәсекесі болды. Жыл сайын сұр импорт көлемі артып, біздің бағалауымызша, 2 миллион тоннаға жетті. Тіпті өзінің жеке инфрақұрылымы - жүк көліктері, жүк тиеу пунктері және т.б. пайда болды. Қазақстан төленбей қалған салықтар мен алымдар есебінен көп ақшадан айырылса да, соңғы сәтке дейін мемлекет отандық өндірушілерді қорғауға немесе импортты бақылауға ешқандай шара қолданбаған. Биылғы жылдың сәуір айында ғана 6 ай мерзімге автокөлікпен бидай әкелуге тыйым салынған болатын. Бұл сұр импортты тоқтатты деп айта алмаймын. Қымбат транзиттік теміржол тарифтерін төлемеу үшін импорттың жаңа сұр схемалары пайда болып жатыр”, - дейді ол.

Оның айтуынша, сұр импорт астықтың нақты сұранысы мен ұсынысының тепе-теңдігін бұзады және нарықта бәсекелестік үшін тең емес жағдайлар жасайды, бұл бүкіл агроөнеркәсіптік кешенге, оның ішінде сауда мен өңдеуге ұзақ мерзімді теріс әсерін тигізеді.

Жаңа астық маусымында Қазақстан астық экспортының негізгі бәсекелесі Ресей астығы болмақ. Қазіргі уақытта Қазақстанның Иран, Қытай нарықтарына шығуға мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Бірақ бұл жақта да Қазақстан астығын ресейлік бәсекелестер күтіп тұр.

Қазыбек Омаров АПК ИНФОРМ-ға берген сұхбатында Қазақстанның астық нарығына әсер ететін мынадай факторларды атап өтеді:

1. Өнімділік пен сапа: өзіндік құн және сәйкесінше бәсекеге қабілеттілік соған байланысты.

2. Өтпелі қорлардың көлемі: астық қорының әдеттен тыс мол болуы нарықтағы ұсыныс көлемін арттырады.

3. Логистика және көлік: Логистиканың тиімділігін арттыру және көлік инфрақұрылымын дамыту – астықты табысты экспорттаудың негізгі факторлары, бұл қазақстандық астықтың қолжетімділігі мен бәсекеге қабілеттілігіне әсер етуі мүмкін.

4. Геосаясат және экономикалық фактор: Әлемдік деңгейде де, аймақтық деңгейде де геосаяси және экономикалық оқиғалар Қазақстанның астық нарығына әсер етуі мүмкін. Сауда және санкциялар саясатындағы, валюта бағамындағы, кедендік баждардағы өзгерістер мен саяси тұрақтылық астық экспорты мен импортына әсер етуі мүмкін.

5. Ресейлік астық нарығы. Ресейдегі, әсіресе шекаралас облыстардағы қомақты қорлар, сондай-ақ күтілетін мол өнім қазақстандық астық нарығына қысым жасайды. Бұл жағдайда Ресейдегі астық нарығына мемлекеттің ықпалын арттыру және сауда саясаты шешуші мәнге ие болады.

Тағы бір маңызды жайт – Қазақстанның Ауғанстан, Иран және Орталық Азия елдері сияқты негізгі сауда серіктестерінің нарықтарындағы жағдай, бұл астық пен ұн экспортының көлемі үшін маңызды болады.

Жоғарыда аталғандар жаңа маусымда Қазақстанның астық нарығының қалыптасуына айтарлықтай әсер етуі мүмкін факторлардың бір бөлігі ғана.

 

 

 

 

 

 


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии