Мәзір

Қазақстанның оңтүстігінде сүт тапшылығы 2,2 млн тоннаны құрайды

28.11.2023
Қазақстанның оңтүстігінде сүт тапшылығы 2,2 млн тоннаны құрайды

Қазақстанда жылына 6,3 млн тонна сүт өндіріледі. Дегенмен бұл көрсеткіш елдегі сұранысты толық жаба алмай отыр. Сүт нарығын зерттеу орталығының (DIA) директоры Михаил Мищенконың айтуынша, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің өзінде сүтке деген тапшылық жылына 2,2 млн тоннаны құрап отыр. Бұл туралы World of NAN порталы The DairyNews-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Бүгін Түркістанда өткен AqAltyn халықаралық конференциясында Қазақстандағы сүт нарығының жағдайы талқыланып, болжамдар жасалды. Жиында баяндама жасаған Михаил Мищенко еліміздегі сүт өндірісіне қатысты бірнеше мәселені атап өтті. Ол ең әуелі статистиканың нақты болмауына тоқталды.

«Менің ойымша, Қазақстанда шикі сүт өндіру саласы азды-көпті түсінікті сияқты. Бірақ біз елімізде сүт өңдеу нарығының ашық емес екенін, сүт көптеп өңделіп, бейресми сатылып, ешқандай бақылауға алынбайтынын анық түсініп отырмыз», – дейді сарапшы.

Ол бүгінгі таңда Орталық Азияда 71 миллион адам тұратынын, бұл үлкен нарық екенін атап өтті. Әсіресе оңтүстік жақта халық тығыз шығарланған.  «Біздің деректеріміз бойынша, оңтүстік Қазақстанда сүт тапшылығы 2,2 миллион тоннаны құрайды. Сонымен қатар Орталық Азиядағы елдердің барлығында халық саны өседі деп жорамалданып отыр», – деді Михаил Мищенко.

Сарапшы Қазақстанда сүт тапшылығы үлкен әрі ол алдағы уақытта да өсе беретінін айтады. «Сүтті өңдеу шикі сүтке сұранысты тудырады. Ресейден арзан шикі сүтті сатып алу мүмкін болса, оны қазақстандық өңдеушілер сатып алады. Бүгінгі таңда Қазақстанда өңдеу технологиялары өте әлсіз, нарық бұлыңғыр, шикізат сапасына өңдеушілер қызығушылық танытпайды, соның салдарынан интеграцияның әлсіздігі байқалады. Ынтымақтастық әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде қажет. Мен сондай-ақ салада ұзақ мерзімді даму бағдарламасы жоқ екенін үнемі айтып жүремін», - деп қорытындылады ол.

Сарапшының пікірін Қазақстан сүт одағының директор орынбасары Сәуле Жанкина қолдады. Дегенмен ол сүт өндірісінде интеграция жасала бастағанына назар аударды. Мысалы, зауыттар фермерлерге тауарлық несие беріп, оларды материалдармен және құралдармен қамтамасыз етуге тырысады. Ол өңдеу саласын дамытуға қатысты ұсынысын да ортаға салды:

«Хорватияны мысалға ала отырып, өңдеу секторында да тәртіпті қалпына келтіруге болады деп айта аламын. Хорватияда сүтті есепке алу ветеринариялық қызметтер мен зертханалар арқылы жүргізіліп, онда сүттің сапасы мен саны қадағаланады. Бұл тәжірибені біз бірнеше рет, соның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне бөлістік. Қазақстанда кооперативтер бар, бірақ олар жеткіліксіз. Сәтсіздіктің себебі кәсіпкерлік идеяның, энергия мен қызығушылықтың жоқтығында деп ойлаймын. Бұлар болса, бәрі ойдағыдай болады», – деп түйіндеді Сәуле Жанкина.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии