Мәзір

Қолайсыз ауа райы астық жинауды қиындатып жатыр

31.08.2023
Қолайсыз ауа райы астық жинауды қиындатып жатыр

Биылғы егін ору науқанына жаңбырлы ауа райы тұспа-тұс келді. Кейінгі бір аптада еліміздің басым бөлігінде толассыз жаңбыр жауды, ал кейбір аймақта қатты жел соғып, бұршақ та жауды. Қазгидромет алдағы үш тәулікте батыс өңірді есептемегенде, еліміздің бүкіл аймағында қатты жаңбырлы ауа райы сақталатынын айтып отыр. Фермерлер мұндай жағдайда астықтың сапасы төмендеп, ал нарықтағы қазіргі баға шығындарды жаппайтынын айтты, деп хабарлайды World of NAN.

Жаз айлары қазақстандық фермерлерге аса жайлы болмады: еліміздің әр өңірінде әртүрлі мәселе туындады. Жалпылай айтқанда, қуаңшылық астықтың дән алуына кедергі келтірді, ал киіктер егіннің көтерілуіне тосқауыл қойды. Одан бөлек шегірткелер де жылдағыдан көбірек зиян тигізді. Енді бұл кедергілерге егін ору маусымында тоқтаусыз жауған жаңбыр қосылып отыр.

«Хабар 24» арнасының Қостанай облысындағы жағдай туралы сюжетінде фермерлер қиындыққа тап болып жатқаны айтылады. Биыл Қостанай облысының оңтүстік аудандары жаз мезгілі дұрыс жаңбырға жарымаған. Әсіресе Арқалық, Жанкелдин, Аманкелді аудандарында ылғал жетіспеушілігі қатты сезілген. Сол себепті ол жақтарда бидай шығымы былтырғыдан екі есе төмен болады деген болжам бар. Одан қалды шегіртке мен киіктер фермерлерді әуреге салды. Ресми мәлімет бойынша, облыста 23 мың гектардан астам егін алқабын тұяқты жануарлар жайпап өткен. Соның жартысынан астамы Қамысты ауданына тиесілі.

Қамысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Нұржановтың айтуынша, киіктер Аралкөл, Клачковский, Алтынсарин, Талдыкөл ауылдық округтеріндегі егіс алқаптарына залал келтірген. «Барлығы шамамен 14 мың гектар егінді тапап кетті. Сондай-ақ биыл аудан бойынша 37 мың гектар жерді шегіртке жайлады», - дейді ол.

Киіктер фермер Владимир Шестериковтың мың гектарға жуық алқабын тып-типыл еткен. Шаруа олардың санын реттеу қажет деп санайды. «Егер оны іске асыру мүмкін емес десе, онда төтенше жағдай енгізсін. Біз үшін үлкен нәубет. Түк қоймай жайпап өткен. Менің де міндеттемелерім бар, ертең қалай есептесем», - дейді ол.

Ал Владимир Белоцерковкийдің егініне тұяқты жануар жетпеген. Астық шығымы жаман емес. Гектарынан 10-11 центнерден аламын дейді. Оны мазалайтын басты мәселе – бидай бағасының құлдырап кеткені. Оның айтуынша, трейдерлер биыл тоннасына 77 мың теңге ұсынып отыр. «Былтыр 110 мың болатын. Қазіргі баға шығынымызды жаппайды. Ең болмағанда 95-100 мыңға көтерілсе, бірдеңе қылып күн көруге болар еді», - дейді ол.

Тамыздың ортасынан ауа егінге орақ салатын оңтүстік аудандарда әзірге қарқын бәсең. Жауын-шашынды ауа-райы жұмысты тежеп тұр. 29 тамыз күнгі қолда бар мәлімет бойынша, облыстағы 4 миллион 400 мың гектар егістіктің 547 мың гектары ғана орылып, жиналған. Бұл шамамен 12,5%.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии