Қостанай облысындағы «S-Agro-Borovskoe» ЖШС биыл бие сүтінен косметика жасау өнеркәсібін іске қосады. Өндіріс германиялық «Zollmann Stutenmilch Gmbh» компаниясының қолдауымен неміс технологиясы бойынша жүзеге асырылады. Бұл туралы World of NAN порталы 24.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Отандық бизнес өкілдерінен құралған делегация Германияға барып, жергілікті іскерлік қауымдастық өкілдерімен кездесті. Келіссөздер барысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, кәсіпорындармен байланыс орнату жайы талқыланып, бірқатар келісімге қол қойылды.
Солардың арасында Қазақстанда бие сүтінен косметика жасау өндірісін құру бойынша келісім бар. Нақтырақ айтқанда, биыл отандық «S-Agro-Borovskoe» германиялық «Zollmann Stutenmilch Gmbh» компаниясымен әріптестігін одан әрі жалғастыратын болды.
«Біз Цольман мырзаның компаниясымен бірге 2 жылдан аса уақыт жұмыс істеп келеміз. Бүгін келісімнің екінші кезеңіне қол қойдық. Оған сәйкес біз биыл бие сүтінен жасалған косметика өндірісін іске қоспақпыз», - дейді S-Agro-Borovskoe директоры Мейрам Ахметжанов.
«Бүгінгі келісім Қазақстанмен арадағы жаңа жобамыздың бастауы болды. Біз Германияда шығарылатын өнімдеріміздің бәрін алдағы уақытта Қазақстанда да жасауды жоспарлап отырмыз. Жалпы мен өмір бойы бие сүті өндірісімен айналысып келгендіктен, бұл бағытта Қазақстанның әлеуеті өте зор деп есептеймін», - деп, Zollmann Stutenmilch Gmbh компаниясының басшысы Андреас Ян пікір білдірді.
Айта кетерлігі, өткен жылы екі кәсіпорын Қазақстанда биенің құрғақ сүтін шығара бастаған.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение