Биыл Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облысының диқандары құрғақшылықтан қатты зардап шекті. Сарапшылар мұндай зардапты азайту үшін су инфрақұрылымына мониторинг жүргізіп, шаруашылыққа заманауи технологияларды енгізу керек деп есептейді. Сондай-ақ жерасты су ұңғымаларын қазуға мемлекет қаржылай қолдауды арттырып, жемқорлықты жою үшін бүкіл процесті цифрландыруы қажет. Бұл жайлы LS сайтындағы мақалада айтылған, деп хабарлайды World of NAN.
«Қазақстан фермерлер қауымдастығының» Абай облысындағы филиалының басшысы Серік Байғалиев су тапшылығы мәселесі қант қызылшасы, жүгері, пияз, сәбіз, қырыққабат, картоп дақылдарына, сондай-ақ, майлы дақылдар мен жоңышқаға әсер еткенін айтады. Оның ойынша, алдағы уақытта құрғақшылық салдарынан осы көкөніс түрлері қымбаттауы мүмкін, ал еліміздегі тұрақтандыру қорлары тапшылық туындаған жағдайда халық қажеттілігінің тек 10%-ын жаба алады.
«Алдын ала деректер бойынша, залал сомасы 3,5 млрд теңгеге бағаланады. Қазір арнайы комиссия жұмысын жалғастырып жатыр, олар түрлі аймақтағы апат көлемін есептеп, егістік шын мәнінде су тапшылығынан зардап шегіп-шекпегенін анықтайды», – деді сарапшы.
Байғалиев көптеген аймақта арықпен суару әлі де жалғасып жатқанын еске салады. Соның салдарынан судың көп бөлігі мақсатты жерге жетпей жерге сіңеді немесе техникалық ақауларға байланысты егістікке жетпей қалады. Сонымен қатар буланудың әсерінен су көп мөлшерде пайдаланылып жатыр.
Жоғарыда аталған проблемаларды жою үшін Байғалиев заманауи жаңа технологияларды енгізуді ұсынды.
«Қазақстанда су инфрақұрылымына мониторинг жүргізу қажет. Атап айтқанда, толық картинаны көруіміз керек. Қай өңірде фермерлер арық жүйесін пайдалануды жалғастырып, қай жерде тамшылатып суару жобалары немесе жаңбырлатқыш машиналар орнатылғаны туралы әрбір облыс бойынша ақпарат қажет», – деді Байғалиев.
Оның айтуынша, бұл жұмыс шамамен екі айға созылуы мүмкін және жаңа маусымға қарай су тұтынуды 30-40%-ға төмендетуге болады. Алайда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін бүкіл процесті цифрландыру – маңызды шарт.
Қауымдастық өкілі фермерлер су инфрақұрылымын құруға инвестиция сала алуы үшін оларды қаржыландыруды ұсынады. Бұл ретте сарапшы ауыл шаруашылығы министрлігінің суару және жаңбырлату машиналарын сатып алу бойынша субсидиялау бағдарламасы бар екенін айтты.
«Бірақ өз мүддесіне жұмыс істейтін белгілі бір шетелдік компаниялар бар. Мысалы, шетелдік суару машинасының құны 140 мың доллар, ал түрік немесе қытай суару машинасының құны – 70 мың доллар. Қазіргі уақытта түрік және қытай өндірісінің суару машиналарына субсидияны 1 гектарға 300 мың теңгеге дейін азайту туралы ұсыныс шығарылды. Қазір субсидия көлемі гектарына 800 мың теңгені құрайды. Сіз арзан суару машиналарын сатып алсаңыз, сәйкесінше, мұндай машиналарды фермер көбірек сатып ала алады, нәтижесінде бюджетке түсетін жүктеме азаяды, бұл фермерге де, мемлекетке де тиімді», – дейді Байғалиев.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі ылғалсүйгіш дақылдардың егістігін қысқартуға талап еткен болатын. Байғалиев бұл жөнінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру стратегиясын әзірлеу қажет деп санайды. Бұл құжатта әр аймақтың өз ерекшеліктерін ескеру қажет. Мысалы, шығыста негізінен күнбағыс, оңтүстікте күріш пен мақта дақылдары өсіріледі.
Сонымен қатар, фермерлер қауымдастығының Жамбыл облыстық филиалының басшысы Дулат Сұлтанбеков су тапшылығы мәселесін шешу үшін су ұңымаларын бұрғылау қажет деп есептейді. Кейінгі жылдары мемлекет жер асты су ұңғымаларын бұрғылау шығындарының тек 50%-ын фермерлерге қайтарады. 2015 жылы бұл көрсеткіш 80%-ды құраған еді.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение