Мәзір

Құс етін өндіруші миллиардтаған субсидия алды, соған қарамастан ет бағасын көтерді

14.07.2023
Құс етін өндіруші миллиардтаған субсидия алды, соған қарамастан ет бағасын көтерді

Мемлекеттік дотациялар құс етін өндіруші ірі компания – Aitas KZ холдингінің табысын арттыра түсті. Мұндай ақпарат топтың 2022 жылға арналған бірлестірілген қаржылық есебінде көрсетілген. Бірақ inbusiness.kz анықтағандай, миллиардтаған субсидия алса да, компания өнім бағасын көтере түскен, деп хабарлайды World of NAN.

Aitas KZ холдингінің 2022 жылы мемлекеттік субсидиялар мен сыйақы мөлшерлемесінен түскен табысы жиынтық есепте 8,7 млрд теңге көлемінде танылды, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 7,3 млрд теңгеге артық.

Компанияның қаржылық есебінде 2022 жылы сатылған және төленген құс еті үшін 7,77 млрд теңге (2021 жылы 6,42 млрд теңге) мемлекеттік субсидия кірісіне қол жеткізгені жазылған. Оның 3,2 млрд теңгесі 2022 жылы төленді. Қалған 4,5  млрд теңге сомасында алынбаған бөлігі дебиторлық берешек ретінде танылған. «Бұл дебиторлық сома асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау ережесіне сәйкес төлем бойынша кезекке қойылды», - делінген қаржы құжатында.

Компания тікелей субсидиядан бөлек, алынған несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін алады. 2022 жылы 6 млрд теңге сомасында сыйақы мөлшерлемесі бөлініп, оның 5,1 миллиардына өткен жылы қол жеткізіпті.

Бұл ретте Aitas KZ холдингінің 2022 жылғы табысы айтарлықтай өсіп (22,5 млрд теңге), кіріс 97 млрд теңгені құрады. 2021 жылы топтың табыс көрсеткіші бұдан әлдеқайда аз еді – 14,4 млрд теңге, ал сату көлемі 73,4 млрд теңге. Өткен жылдардағы мемлекеттік субсидиялар холдингтің табыстылығын едәуір арттырғаны анық.

Aitas KZ құрамына «Кус&Вкус»  брендімен Өскемен және Макинск құс фабрикалары кіреді. Бұған дейін Макинкада жылдық өнім тірі салмақта 100 мың тонна құс етіне дейін өсетіні хабарланған болатын. Ал Өскемен құс фабрикасында (ӨҚФ) өндіріс көлемін жылына 60 мың тонна ет өніміне дейін жеткізу жоспарланған еді, айтпақшы, мамыр айында топтың осы еншілесі Қазақстан қор биржасынан делистингтен шығарылды. Сонымен қатар, холдинг қуаттылығы жылына 120 мың тонна болатын Алматы облысындағы «Жетісу» құс фабрикасының құрылысына дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан болатын. Іс жүзінде Aitas KZ еліміздегі құс еті нарығында басым ойыншы болып саналады, яғни өндіріс көлемімен ішкі бағаға әсер ету үшін жеткілікті нарықтық күші бар. Өткен жылы Қазақстанда тауық етін өндіру көлемі 300 мың тоннаға жақындаған болса, бұл ішінара Макинск және Өскемен құс фабрикаларының өнімін ұлғайту есебінен болды.

Сонымен қатар, inbusiness.kz тілшісінің субъективті бақылауына қарағанда, ол баратын дүкенде соңғы жарты жылда «Кус&Вкус» өнімдерінің бағасы айтарлықтай өскен. Жалпы республика бойынша құс етінің қымбаттауы көктемде байқалды.

Холдингтің табысы арта түскенімен, 2022 жылы табыс салығы бойынша шығыстары қаржылық есепте небәрі 1,2 млрд теңге деп көрсетілген.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии