Мәзір

Қызанақ вирустарын ПТР арқылы анықтау қауіпті жеңуге көмектеседі

09.07.2024
Қызанақ вирустарын ПТР арқылы анықтау қауіпті жеңуге көмектеседі

Өсімдіктің өнімділігіне зиян тигізетін қоздырғышты дәл және ерте анықтау онымен күресуде өте маңызды. Осы тұста қызанақ тұқымындағы вирустарды анықтайтын ПТР тестілеулердің көмегі өте зор. Қазіргі таңда Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ҒЗИ-дің молекулалық генетика және биохимия зертханасы қызанақ вирустарын қысқа уақыт аралығында диагностикалау қызметін іске асырады.

Қызанақ – әлем бойынша сұранысқа ие маңызды көкөніс дақылдарының бірі және жыл сайын өндіріс көлемінің ұлғаюымен елімізде де кейінгі бірнеше жылда қызанақ өндірісіне мамандандырылған жылыжайлар негізіндегі кәсіпорындары белсенді дамып келеді. Өндіріс кезінде агрономдарға әдетте түрлі сипаттағы қызанақ ауруларымен күресуге тура келеді.

Соның ішінде, қызанақтың вирустық ауруларының қоздырғыштары көкөніс шаруашылығы үшін елеулі шектеуші фактор болып табылады. Соңғы жылдары Еуропа елдерінде ашық және қорғалған жерде қызанақ өндірісі негізінен вирустық фитопатогендерден болатын шығындардан зардап шекті. Осыған орай, Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдер үшін карантиндік объектілердің тізіміне қызанақтың  пепино мозаикасы (PepMV), қызанақ жемістерінің қоңыр әжімдері (ToBRFV) және қызанақтың дақты солып қалуы (TSWV) вирустары енгізілді. Қазақстан да ЕАЭО мүшесі болғандықтан, тығыз тауар айналымы орын алады. ToBRFV барлық белгілі генетикалық төзімділікті жеңе алады және тұқым арқылы, механикалық жолмен берілу қабілетіне ие. Симптомдардың себебі вирус екенін анықтағаннан кейін оның түрін білу қажет. Мұны визуалды түрде жасау өте қиын, өйткені вирустар қоршаған орта жағдайларына, штаммға, иесі өсімдіктің генотипіне және тіпті бірнеше вирустардың өзара әрекеттесуі дегендей көптеген факторларға байланысты үзіліссіз белгілерге ие.  Сәйкесінше,  аталмыш вирустар өте тез таралуы мен агрессивтілігіне байланысты республиканың отандық агроөнеркәсіптік кешені үшін айтарлықтай қауіп төндіреді.

Агроценоздарды вирустық аурулардан қорғау шараларын әзірлеуде қоздырғышты дәл және ерте анықтау өсімдік ауруларымен күресуде өте маңызды. Қазіргі уақытта қызанақ вирустарын диагностикалаудың және түрлерін анықтаудың ең заманауи әдістері молекулалық-генетикалық технологияларды, соның ішінде полимеразды тізбекті реакция (ПТР) әдісін қолдануға негізделген. ПТР бірнеше артықшылықтарға ие: ПТР тіндердің үлгілерінде вирустық ДНҚ немесе РНҚ-ның аз мөлшерін анықтай алады, сонымен қатар, үлгідегі вирустық белгілер латентті (айқын көрінбейтен кезең) күйде болған жағдайда да детекция жасауға болады. Бұл оны өте сезімтал диагностикалық әдіске айналдырады.

Қазіргі таңда Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының молекулалық генетика және биохимия зертханасында  нақты уақыттағы ПТР (RT-PCR) әдісі арқылы дайын вирустарды анықтауға арналған жинақтардың көмегімен аталған қызанақ вирустарын қысқа уақыт аралығында диагностикалау қызметін іске асырады. Ол өз кезегінде вирустың белгілері енді пайда бола бастағанда немесе тұқымды екпес бұрын жоғарыда көрсетілген карантиндік вирустардың үлгіде бар немесе жоқтығын растайды. Осылайша, қызанақ өсірушіге вирустың пайда болуының алғашқы кезеңдерінде вирустың кеңеюін тоқтату, уақтылы шаралар қабылдау үшін вирустық патогенді түрге тән анықтаудың нәтижелі дәл әдістеріне жүгінгені абзал.

Автор: Турбекова Шырын Мейрамбековна«Жазкен Жиембаев атындағы өсімдіктерді қорғау және карантин ҒЗИ» ЖШС, фитосанитарлық зерттеу талдау сынақ орталығы, молекулалық генетика және биохимия зертханасының ғылыми қызметкері

Тел: 8 778 320 89 55


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии