Мәзір

Қызылорда облысында күріш алқаптары қысқарады

20.11.2023
Қызылорда облысында күріш алқаптары қысқарады

Қызылорда облысында бұдан былай күріш алқаптары қысқарады. Ал шаруа қожалықтарынан су үнемдеу технологиясы талап етіледі. Бұл туралы World of NAN порталы «Хабар 24» арнасының репортажына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Телеарнаның хабарлауынша, қазіргі сәтте егістік жерлердің 3 жылдық картасын қайта сызу қажеттігі туындап отыр. Биыл жаз бойы су тапшылығы болып, егіні қурап кете жаздаған шаруалар әр гектардан орта есеппен 56,5 центнерден ғана күріш жинаған. Олар келер жылы мал азығы мен майлы дақылдар көлемін арттырып, күріштің суды көп қажет етпейтін сұрыптарын егуді қолға алмақ.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Жүсіпбек Әжібековтың айтуынша, кейінгі жылдары күріштің ертерек пісетін сұрыптарын егуді қолға ала бастаған. «Мынау украиналық Маршал, Виконт, Премиум деген сорттарын 2-3 жылдан берін өндіріске енгізіп, енді ол сорттарды аудандастыру жұмыстары жүріп жатыр. Ресейдің Яхонт, Патриот деген сорттары аздап егілді. Оларды сынақтан өткізудеміз. Негізінен өсу мерзімі бұрынғы ресейлік Лидер, Янтарь деген сорттарға қарағанда 7-10 күндей тезірек пісетін айырмашылығы бар», –  дейді ол.

Алдағы жылдары су үнемдеуге айырықша мән беріліп, 20 шақты магистральды арна республикалық бюджеттен тазартылмақ. Осы тұста ішкі шағын гидроқұрылғыларды жөндеу мәселесі туындайды. Оларды «Қазсушар» мекемесі жөндеуге тиіс болғанымен, мекеменің оған қаржысы жоқ. Өйткені шаруалар су пайдаланғаны үшін төлеуі тиіс 850 миллион теңгені өтемеген.

«Қазсушар» РМК өндірістік учаске басшысы Жорабек Нұрымбетовтың айтуынша, күріштің бағасы бүгінгі таңда 500 тг болса, судың әр текшесіне – 0,63 тиын. «Енді соған қарағанда түсетін пайданың 0,7%-ін су құрап отыр. Сондықтан судың қадірін білмей жатқан болу керек. Бірақ келешек бұл күйінде болмайды. Оны сот арқылы өндіріп аламыз. Келешек ондай шаруашылықтарға су жеткізіп беру қызметін жасамау жөнінде тапсырма келді» - дейді Нұрымбетов.

Ол шаруалардың берілген лимитті ала алмай жатырмыз деген сөзі шындыққа жанаспайтынын айтады. Өйткені «Қазсушар» арнайы өлшеуіш құралдармен шаруаларға берілген судың мөлшерін есептейтінін, есептеуде қате жібермейтінін, ал шаруалардың суды тиімсіз жұмсайтынын айтады.

Телеарнаның айтуынша, қызылордалық диқандар вегетация кезеңінде шамамен 2 миллиард текше су тұтынады. Жыл сайын бұл лимит қысқара бермек. «Сондықтан агроқұрылымдар көп ұзатпай сандық технологияны агроайналымға енгізгені жөн», - дейді мамандар.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии