Қазақстандық фермерлер сүттің бағасын төмендетті. Бұған көршілес Ресейден келетін сүттің арзандығы себеп болып отыр. Жеткізу шығындарын есептегеннің өзінде, ресейлік сүт отандық өндірушілердің ұсынысынан әлдеқайда арзан болып шыққан. Ал қазақстандық тұтынушылардың йогурт, сүзбе сияқты қосымша құны жоғары сүт өнімдерін сатып алу қабілеті төмендеп кеткен. Бұл туралы Dairynews-ке сілтеме жасай отырып World of NAN хабарлайды.
Қостанайлық «Сарыағаш» шаруа қожалығы сүттің бағасын орташа есеппен литріне 20 теңгеге төмендетті. Шаруа қожалығының басшысы Өтеген Муртазин өңдеушілермен шикізат құнына келісу өте қиын болғанын, қазір олардың кейбіріне сүт литрін 200 теңгеден төмен бағамен жеткізіп жатқанын айтады.
Муртазиннің сөзінше, Ресейдің арзан сүт өнімдері дүкен сөрелерін толтырып тастаған. Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарына Ресейден сүт көліктерімен күніне 40-50 тонна сүт келе бастапты. Өңдеушілер сүт бағасын түсіріп, отандық сүтті сатып алуды тоқтататынын айта бастаған.
«Сарыағаш» фермасы тәулігіне 25 тонна сүт өндіреді. Ферма басшысының айтуынша, шикізат бағасының арзандауына байланысты шаруашылық бір жылда 200 миллион теңгеге жуық шығынға ұшырауы мүмкін.
«Бұл өте ауыр. Біз жоспарлаған инвестициялық бағдарламалардың кейбірін қысқартып жатырмыз. Мысалы, сиырларға көбірек резеңке төсеніш алғым келген. Қазір оны келесі жылға ауыстырсам ба деп ойланып жатырмын. Сосын мал азығын сүрлейтін шұңқыр (силосная яма) салуды жоспарлағанмын. 600 миллиондық инвестициялық бағдарламам бар еді, қазір барлығы қысқарып барады. Мұндай нарық жағдайында ең алдымен жұмысшылардың жалақысын қалай төлеуді, жанар-жағармай, қосалқы бөлшектерді қалай сатып алуды ойлау керек – бұлардың барлығы алғы кезекке шығады,» – дейді Өтеген Муртазин.
Солтүстікқазақстандық «Қызылжар сүт» фермасы да сүттің бағасын 20 теңгеге арзандатқан. Қазір ферма сүтті Петропавл зауыттарына литрін 220 теңгеден сатып жатыр.
«Бірнеше күн ішінде барлық зауыт бағаны 20 теңгеге төмендетті», - дейді «Қызылжар сүт» ЖШС директоры Олжас Бектасов. Оның айтуынша, СҚО-дағы өңдеушілер де қостанайлық әріптестерінің негіздемесін алға тартады: дүкен сөрелері Ресей мен Беларусьтен келген арзан сүт өнімдеріне толы. Зауыттар өнімнің сатылмай, кері қайтып жатқанын айтып шағымданады. Сақтау мерзімі өтіп, тауар бұзылып та жатыр. Қазақстандық сүт-тауарлы фермалардың көпшілігі салыстырмалы түрде жас, екі-үш жыл ғана болғанын ескерсек, нарықтағы толқулар оларға қатты әсер етеді.
«Мал басы жаңадан көбейіп жатыр, бастапқы кездегі көптеген проблема бар, несиелер қазірдің өзінде төленіп жатыр, ал сүт-тауарлы ферма шығындарының өтелу мерзімі шамамен 10 жыл. Сүттің бастапқы құны ең жоғары, ал оның құны төмендесе, шығындардың өтелуі тіпті арта түседі. Оған қоса, вакцинаны жеткізудегі проблемалар, қосалқы бөлшектердің қымбаттығы, фермадағы кадр мәселесі бар», - дейді Олжас Бектасов.
Шығысқазақстандық «Эмиль» компаниясы бір айдан бері шикі сүтті – күніне 26 тоннадан Ресейден сатып алады. Өңдеуге қажетті шикізатты Хакасиядан ірі шаруа қожалығы жеткізеді. Мұндай сүт жеткізумен бірге литрі 230 теңге тұрады. Дегенмен, компания қазақстандық сүтті ресейлік сүтпен толық алмастыру мүмкін еместігін түсініп, әлі де болса шикізатты жергілікті шаруалардан қымбат бағаға сатып алады.
«Орташа шикізат бағасы, тіпті Ресейден арзан сүт әкелетінімізді ескерсек, литріне 258 теңгені құрайды», - дейді «Эмиль» ЖШС директоры Анна Аберле, мұндай жоғары баға өнімнің түпкілікті құнына, ал ол тұтынушының сатып алу қабілетіне әсер ететінін түсіндіре отырып. - Кейінгі екі жылда сатып алу қабілеті айтарлықтай төмендеді. Бұрын сүзбе, био-йогурт сияқты қосылған құны бар тәтті өнімдерден табыс табатынбыз, олар көбірек сатылатын. Соның арқасында сүт пен майды анағұрлым төмен бағаға сатуға мүмкіндік алатынбыз, бірақ қазір жоғарыдағы өнімдерді сатып алу қабілеті айтарлықтай төмендеді, тұтыну шамамен 30% азайды. Сонымен қатар, маржасы төмен классикалық өнімдер: сүт, сары май, айран, қаймақты тұтыну бұрынғы деңгейде қалды. Сөзсіз, мұндай жағдайда біз орташа табыстылықты сақтап, даму үшін бұрынғы тапқанымызда табыс таба алмаймыз. Әрине, өнімге сұраныс көлемі қалпына келсін деп тұтынушылар үшін бағаны төмендеткіміз келеді», - дейді Анна Аберле.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение