Фермерлердің айтуынша, ауыл шаруашылығы барған сайын тиімсіз кәсіпке айналып барады. Пішен жылдан жылға азайып, дизель отыны мен жемнің бағасы жылдан жылға көтеріліп жатыр. Бұл туралы World of NAN порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Шығыс Қазақстан облысының Самара ауданындағы шаруа қожалықтарының өкілі Тимур Нұрғазин мал шаруашылығымен айналысу тиімсіз болып бара жатқанын айтады. Қазіргі қуаңшылық ауыл тұрғындарының басындағы қиындықты еселей түсті.
«Кейінгі үш-төрт жылда пішен жетпей қалды. Бұрын 8 гектар жерден 12-13 шөмеле (решетка) алынатын. Қазір екі-үш шөмеле ғана. Құрал-жабдықтардың қосалқы бөлшектері өте қымбат. Жеңілдетілген дизельді отынның биылғы көктемде бағасы литріне 207 теңге болса, қазір 260-265 теңге шамасында. Маған 100 тонна, тіпті одан да көп пішен қажет. 25-30 шөмеле. Әзірге алты-жетеуін ғана жеткізіп қойдым. Оның үстіне жаңбыр кедергі келтіреді. Шіріп кетпеуі үшін қолымызбен аударып, құрғатамыз. Оған қоса әлі қамыс шабамыз. Әйтеуір жағдайдан шығу керек. Қардың қаншалықты жауатынын білмейміз. Егер қалың жауса, онда екі есе дерлік көбірек пішен қажет болады», - дейді ол.
Ауыл шаруашылығы басқармасының айтуынша, аудан әкімдіктері мал азығына мұқтаж жандарға бос жерлер мен орман қоры жерлерінен бөле алады. Жалпы облыста бір жарым миллионға жуық мал басы бар.
«Өзімізде жер жоқ, әр жерден шөп шауып, орып жатырмыз. Өткен жылы шөп жетіспегендіктен мал арық болып, қыстан әрең шықты. Биыл 15 тіркеме жинадық, тағы он тіркеме керек», – дейді Ұлан ауданының тұрғыны Арман Табыс.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, малды сату да қиындық туғызады. Саудагерлер арық малды алмайды. Өйткені таңдау көп. Қазақстанның ет одағы нарықта ет көп екенін, сондықтан бағаның көтерілуіне негіз жоқтығын айтады. Бір жағынан ет бағасының көтерілмегені жақсы, екінші жағынан, бұл келешекте мал басы мен ет өндірісінің қысқаруына апаруы мүмкін.
«Делдалдар бәрін сатып ала алмайды, өйткені біздің нарық шектеулі. Қазір оңтүстіктен келгендер сатып алып жатыр. Ұсыныс сұраныстан асып кетті, соған сәйкес нарық заңына сай баға төмендеп жатыр. Мысалы, облыстағы бұқашықтың бір келі тірі салмағы 850-900 теңге болса, қазір 800-850 теңге. Қазақстандық нарықтың конъюнктурасы өз өндірісі мен импорттан қалыптасады. Дөрекі айтқанда, біз еш бақылаусыз импорттап жатырмыз. Бұл өнімді негізінен Ресей мен Беларусь жеткізеді, өйткені рубль құлдырады. Бидайдың бағасын бұзғаны сияқты олар жергілікті нарықтағы еттің де бағасын бұзып жатыр», - дейді «Қазақстан ет одағы» қауымдастығының атқарушы директоры Асқар Жұбатыров.
Оның ойынша, отандық шаруаларды қолдау үшін экспортты ашып, фермерлерге табыс табу мүмкіндігін беру керек.
«Олар бір кездері мемлекеттік бағдарламаға сенді, ақшасын салды, шаруа қожалықтарын ашты, т.б. Ал қазір олар жай ғана жұмыссыз отыр, мал да, ет те бар, инфрақұрылым бар, бірақ экспорттық нарық жабық болғандықтан, сататын жер жоқ. Өйткені жергілікті нарық шағын әрі шектеулі. Еттің арзан болғаны халыққа қысқа мерзім ішінде тиімді. Бірақ ұзақ мерзімді перспективада бұл ет өндірісін төмендетеді. Яғни, сойысқа кетіп, мал басы азайып, сөйтіп өнім көлемі төмендейді. Ресми статистикаға сәйкес, қазір импорт көлемі жыл сайын азайып бара жатқанымен, импорт қайтадан ұлғая бастайды. Еттің басым бөлігі импортталған 2010 жылдың көрсеткіштеріне қайта оралуымыз мүмкін. Тиісінше, біз валюта бағамына және импорттаушы серіктестердің көңіл-күйіне тәуелді боламыз. Біз қазір импортерлердің нарығымызда емін-еркін жүріп, білгенін істеуіне мүмкіндік бермейміз. Өйткені олар бізде ет көп екенін біледі, соған сәйкес бағаны төмендетіп жатыр», - дейді Асқар Жұбатыров.
Сарапшы осы себепке байланысты ет экспортына шектеуді алып тастап, арзан импорт арқылы нарықтағы бағаны ұстап тұру қажет деп есептейді. Бұл нарықтық тетіктер шынымен де жұмыс істейді, біз осыған келуіміз керек, әйтпесе мал басы азайып, демек, отандық ет өндірісі де азаяды.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение