ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев 2020 жылдың І тоқсанындағы отын-энергетика кешенінің дамуы туралы баяндады.
2020 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша мұнай және конденсат өндіру көлемі 23,6 млн тоннаны құрады, бұл жоспардың 103,1% немесе 2019 жылдың тиісті кезеңінің 102,6% құрайды. Мұнай экспорты 18,9 млн тоннаны немесе 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 102,7% құрады.
Жақындағы ОПЕК+ отырысында осы жылдың 1 мамырынан бастап жаһандық мұнай өндіруді жалпы тәулігіне 9,7 млн баррельге дейін азайту жөнінде шешім қабылданғанына орай, бүгінгі күні 2020 жылдың мұнай өндіру көлемінің жоспарын 90 млн тоннадан 84,5 млн тоннаға төмендету қарастырылуда.
«Елімізде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың арқасында мұнай өндірудің оң динамикасы қалыптасты», — деді Н. Ноғаев.
Мәселен, Теңіз кен орнында мұнай өндіру 2,6%-ды, Солтүстік Каспийде – 22%-ды, Қарашығанақта – 6,6%-ды құрады.
Мұнайды өңдеу жалпы 4,03 млн тоннаны құрады, немесе 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 100,7 % құрады.
«Президент тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін төменгі бағамен – литріне 165 теңгеге 390 мың тонна дизель отынын жеткізу ұйымдастырылды», — деді Н. Ноғаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтік комиссия бес мұнай өңіріне барып, сала кәсіпорындарының өкілдерімен кездесу өткізді. Соның нәтижесінде Іс-шаралардың кешенді жоспары бекітілді. Атап айтқанда, жұмыс орындарын сақтау және кәсіпорындар қызметкерлерінің ағынын басқару бойынша жол карталарын жасау, штат санын қысқартудың негізділігін қарастыру бойынша жұмыс тобын құру, жұмыс орындарын құрудың өңірлік карталарын синхрондауды қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ, әртүрлі баға сценарийлері кезінде өндірісті жоспарлау тұрғысынан талдау жүргізілді.
Мұнайды тұрақты өңдеуді қамтамасыз ету мақсатында мұнай өнімдерінің экспорты бойынша шектеулерді алып тастау, экспорт кезінде салықтар мен баждарды оңтайландыру, РФ-тан жанар-жағар май материалдарының импортына тыйым салуды енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді.
Мемлекеттік материалдық резервте мұнай өнімдерін сақтау көлемі ұлғайды. Бүгінде мұнай өнімдерін жөнелту жүзеге асырылуда. 3,2 мың тонна авиаотын және 11,2 мың тонна бензин тиелді.
Қазақстанда жасалған тауарларды бір көзден алу тәсілімен сатып алу мақсатында Жер қойнауын пайдаланушыларды сатып алу ережесіне, «Самұрық-Қазына» АҚ стандартына, NCOC және KPO тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу рәсімдеріне өзгерістер енгізілді.
Профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий жарияланды.
Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерін, сондай-ақ жұмыс бағдарламаларын 2020 жылдан келесі жылға көшіру мәселесі қарастырылуда.
2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында газ өндіру көлемі 15,2 млрд м³, тауарлық газ өндірісі — 8,7 млрд м³ құрады. Тауарлық газдың экспорты 4,24 млрд м³ құрады. Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 0,85 млн тоннаны құрады.
Электр энергиясын өндіру 29,4 млрд кВт/сағ, уран өндіру көлемі — 5183,6 тоннаны құрады.
Ақпарат көзі: primeminister.kz
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение