Мәзір

Сенатор Әли Бектаев жүгеріден қант өндіруді ұсынады

02.06.2023
Сенатор Әли Бектаев жүгеріден қант өндіруді ұсынады

Кейінгі 20 жылда Қазақстанда қант өндірісі 55%-ға төмендеп, еліміз шетелдік импортқа тәуелді бола түсті. 2021 жылы отандық қант өндірісін 121 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланған еді, бірақ іс жүзінде 39 мың тонна ғана өндірілген. Сенатор Әли Бектаев қант өндірудің баламалы әдістеріне жүгінуді ұсынғанын World of NAN хабарлайды.

1 маусым күні өткен Сенаттың жалпы отырысында еліміздегі қант өндірісіне қатысты мәселелер көтерілді. Сенатор Әли Бектаев  2022 жылы қабылданған «Қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарда» шекер өндірісінің қант қызылшасынан бөлек баламалы әдістері қарастырылмағанын атап өтті. Оның түсіндіруінше, қант бағасы 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге қымбаттаған. Былтыр Ресейдің қант экспортына шектеу қоюы Қазақстандық тұтынушыларды қиын жағдайда қалдырды. Тек соңғы жылы Ресейден 316 мың тонна қант әкелініп, иморттың 64%-ын құраған.

«Ресей Федерациясында қант өнеркәсібі жүйелі түрде дамып келеді. Соның нәтижесінде тұтас кластерлер құрылды. 24 аймақта жыл сайын 1 млн гектардан астам қызылша егіледі. Оның өнімділігі соңғы жиырма жылда екі есеге, ал қант өндіру көлемі 4.5 есеге артқан. Өкінішке орай, Қазақстандағы жағдай керісінше. Өзімізде өндірілетін қант көлемі соңғы 20 жылда 55%-ға төмендеген. Өндіріске негізінен Бразилиядан импортталатын тросниктік шырындар пайдаланылып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық өндірісті дамытып, қант шикізатына тәуелділікті азайту үшін қабылданған шаралар тиімсіз болды. 2021 жылы отандық шикізаттан шекер өндіруді 121 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланғанымен, іс жүзінде 39 мың тонна ғана өндірілді. Ал 2022 жылғы 22 қыркүйекте үкіметтің қаулысымен қабылданған «Қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарда» қызылшаның егіс көлемін 38 мың гектарға дейін ұлғайтып, қант өндірісінің көлемін жеті есеге арттыру жоспарланған. Бұл мақсаттарға 495 млрд теңге қажет. Бір қызығы, бағдарламада қант өндірудің баламалы жолдары қарастырылмаған. Тек қызылша қантын өндіру арқылы Ресейдің тәжірибесін қайталаудың қаншалықты қажеті бар? Тағы да 20 жыл бойы тек қызылшаға иек артып отыратын бізде уақыт та жоқ. Қазіргі геосаяси жағдай барлығын тездетіп шешуді талап етіп отыр» – дейді сенатор.

Оның айтуынша, жеміс-жидектен – фруктоза, ал бидай, картоп, дәндік жүгері сияқты дақылдардан – крахмал шырынын алу технологиясы әлемде кең дамыған.

«Дәнді жүгері дақылы – ондаған жылдар бойы Қазақстанда табысты өндіріліп келе жатқан, жерге де, ауа райына да бейімделген дақыл. Мамандар да жеткілікті. Жүгері крахмалы негізінде глюкоза, фруктоза шәрбаты шығарылады және оны сусындар зауыттарында, кондитер фабрикаларында, кулинарлық цехтерде қант орнына пайдалануға болады. Ол шырынның қантты алмастыру коэфициенті ½-ні құрайды. Оның үстіне, дәндік жүгеріден шырынның шығымдылығы – 60-65%, ал қызылшадан – 15-20% ғана. Яғни ел тұтынатын 650 мың тонна қанттың жартысына  жуығын дәнді жүгеріден алуға болады. Ол үшін қазіргі дәнді жүгерінің егіс алқабын 25-30 пайызға ұлғайтса жеткілікті. Ғалымдардың зерттеуінде дәнді жүгерінің бір гектарына кететін өндірістік шығыны – 400 мың теңге, қант қызылшасына кететін шығын – 850 мың теңгені құрайды. Қант өндірісіндегі артықшылықтардан бөлек, дәндік жүгері 150-ден астам азық-түлік және техникалық тауарларды өндіруге арналған шикізат болып табылатын және оны терең өңдеу кезінде қалдықсыз өндіріс қалыптастыруға болатынын атап өткен жөн. Оны Жетісу облысындағы Жаркент крахмал-сірне зауытының тәжірибесі толық көрсетіп отыр. Осындай кәсіпорындар шикізатты өндіруден бастап, соңғы өнімге дейінгі толық циклды кластер құра алады. Мемлекет өз кезегінде осы кластерлерді дамыту үшін қажет жағдай жасауы керек» – дейді ол.

Оның сөзінше, бұл қызылша қантын өндіруден толық бас тарту деген сөз емес, қызылша қантының өндіріс көлемін халық тұтынатын деңгейге дейін жеткізу керек. Бірақ қант шығарудың баламалы, оңтайлы, жерімізге бейімделген жолдарын қарастыру да – уақыт күттірмейтін мәселе. «Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы үкіметінің 2022 жылғы 22 қыркүйектегі №726-қаулысымен қабылданған «қант саласын дамыту жөніндегі 2022-26 жылдарға арналған кешенді жоспарын» қайта пысықтап, керек болса қайта қарап, әр өңірде құрамында крахмал-сірнесі бар дақылдарды терең өңдеуді дамыту мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймыз» – дейді депутат. 


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии