Мәзір

Сенатор асыл тұқымды мал шаруашылығындағы былыққа назар аударды

18.04.2024
Сенатор асыл тұқымды мал шаруашылығындағы былыққа назар аударды

Фермерлер әлі күнге мал мен тұқым материалын шетелден импорттап келеді. Кейінгі отыз жылда Қазақстанда малдың бірнеше асыл тұқымы жойылған. Сенатор Әли Бектаев депутаттық сауалында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудағы мәселелерді айтты, деп хабарлайды World of NAN.

Депутаттың айтуынша, 2010-2023 жылдардың өзінде алыс-жақын шет мемлекеттерден 212 мың бас мал импортталған. Ал асыл тұқымды малдың үлесі 2010 жылғы 2,9%-дан, былтырғы жылы 13,5%-ға дейін ғана өсті.

«Біз өзіміздегі малды асылдандырудың орнына шеттен мал әкеліп, тұқымдық материалды импорттауға құмармыз. Қазіргі уақытта инвестициялық жобалар аясында 50 мыңнан астам ірі қараны импорттау жоспарлануда. Бұдан басқа, 160 мың бас сиырға арналған 500 мың дозадан астам тұқымдық материал сатып алынбақ. Яғни шамамен 70 млрд теңге қаражат шетелге кетеді», - деді Әли Бектаев.

Ол министрлік қарамағына кіретін, мал ұрығын шығарумен айналысатын «Асыл түлік» квазимемлекеттік кәсіпорнының жұмысы дұрыс жолға қойылмағанын да айтып өтті. Компания өндірген ұрықтарды отандық фермерлер сатып алмайды.

Елімізде селекциялық және мал асылдандыру жұмыстарының бірегей ақпараттық-сараптама базасы он жыл бұрын жасалғанымен, малды тіркеуден бастап, асыл тұқымды құндылық мәртебесін бергенге дейінгі жұмыстар цифрландырылмаған. Дамыған елдерде ақпараттық жүйелер аналитикалық база ретінде жұмыс істесе, бізде олар малды субсидиялау мақсатында тіркеу қызметін ғана атқарып жүр.

Сонымен қатар, Қазақстанда малдың биологиялық алуантүрлілігінің азаюы байқалады. Сенатордың айтуынша, мал саласындағы генетикалық ресурстар ұлттық игілік әрі әлемнің биологиялық капиталының құрамдас бөлігі.

«Соңғы 30 жыл ішінде Қазақстанда қой шаруашылығындағы «Қазақтың солтүстік мериносы», құс шаруашылығындағы «Арман», «Медеу», «Алатау» тұқымдары біржола жойылып кетті. Жартылай биязы жүнді қойлардың «Цигай», «Ақжайық», «Қаракөл», «Қазақтың оңтүстік мериносы» тұқымдары мен ірі қара малының «Алатау» «Әулиеата» тұқымдары, «Қостанай» жылқы тұқымы жойылу алдында тұр», - дейді сенатор.

Депутат селекциялық мал асылдандыру шараларының ақпараттық базасы жұмысына ғылыми негізде талдау жүргізуді ұсынды. Ол нормативтік-құқықтық актілерді зерделеуге, халықаралық тәжірибе негізінде малдың асыл тұқымды қасиеттерін бағалаудың заманауи әдістерін әзірлеуге шақырды.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии