Мәзір

Сингапурлық компания Қазақстанда фосфор тыңайтқышын шығаруға мүдделі

24.05.2024
Сингапурлық компания Қазақстанда фосфор тыңайтқышын шығаруға мүдделі

Сингапурлық Indorama компаниясы Жамбыл облысында толық циклді фосфор тыңайтқышы өндірісін ашуға қатысты инвестициялық жобаға қызығушылық танытып отыр. Бұл жөнінде World of NAN Ақордаға сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Мұндай ақпарат президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан-Сингапур бизнес форумы аясында мұнай химиясы өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорын – Indoramа корпорациясы басшыларының бірі Амит Лохиамен кездесуінде белгілі болды.

Былтыр маусым айында Indorama корпорациясы елімізде химия өнеркәсібін дамыту мақсатында АХҚО юрисдикциясында жаңа кен орындарын игеретін Indorama Kazakhstan Mining еншілес ұйымын тіркеді.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп секторында минералды тыңайтқыштарды қолдану маңызды екенін атап өтіп, Indorama корпорациясын еліміздің аумағында химия өндірісін ашу үшін инвестиция салу перспективасын жан-жақты зерделеуге шақырды.

Сингапурда орналасқан Indorama компаниясы Азиядағы жетекші химия өнеркәсібі холдингі саналады. Оның 32 елде 136-дан астам өндіріс алаңы бар. Сонымен қатар ол әлемдегі ең ірі компаниялар тізімі – Forbes Global 2000 тізіміне кіреді.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии