Солтүстік Қазақстан облысында екі аптадан кейін орақ науқаны басталады. Қазіргі уақытта өңірдегі астық қабылдау кәсіпорындары тексерістен өтіп, биылғы бидайды қабылдауға әзірленіп жатыр. Бұл туралы World of NAN порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Биылғы науқанда жауын-шашынға байланысты дән кептіргіштерге сұраныс жоғары болуы мүмкін. Десек те, мамандардың айтуынша, облыс бойынша астық қабылдау орындары жеткілікті.
Сыйымдылығы 3,2 млн тонна болатын 46 элеватор бар. Сондай-ақ кейінгі жылдары шаруашылықтар өздерінің бидай кептіргіштерін салып жатыр.
Осындай құрылымдарды қоса есептегенде қазіргі уақытта өңір 6,9 млн тонна астықты кептіріп, сақтай алады.
«Облыс бойынша астық кептіргіштердің саны 332-ге жетті, сағатына 10,6 мың тоннаны өңдей алады. Жалпы бір астық кептіргіштің орташа өнімділігі сағатына 32 тонна. Қазіргі уақытта облыстың астық қабылдау кәсіпорындары жаңа бидайды қабылдауға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Материалдық-техникалық базаны дайындау барысында технологиялық жабдықтарды жөндеп, техникалық қызмет көрсетіледі. Автомобиль және темір жол таразылары, зертханалық жабдықтар тексеріледі, қойма және элеваторды тазарту және кеміргіштерге қарсы химиялық өңдеу жүргізіледі, жаңа өнім алу үшін кейбір астық қабылдау кәсіпорындары өткен жылғы астықтан босатып жатыр», — дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы Нина Усенко.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта астық қабылдау кәсіпорындары орташа есеппен 80-85% дайын тұр.
Болжам бойынша, биыл рекордтық астық түсімі жиналады. Осыған дейін мамандар астық қоймаларының мұндай көлемге дайын емес екенін бірнеше мәрте айтқан еді.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение