Солтүстік Қазақстан облысында малдың терісін кәдеге жарата бастады. Олардан ақуызы жоғары жемдік қоспалар жасайды. Қозыбаев университеті мен жергілікті бизнес өкілдері жүзеге асырып жатқан жобаға жалпы сомасы 350 млн теңге гранттық қаржы бөлінген. Бұл туралы World of NAN порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қазақстандағы былғары өндірісінің жағдайы жақсы емес. Фермерлер мал терісін өңдеудің тиімсіз екеніне жиі шағымданады. Ал осы сәтте еліміздегі құс фабрикаларына жыл сайын ақуызы жоғары жем жетіспейді әрі жемнің нарықтағы бағасы да жыл сайын қымбаттайды. Әлеуметтік маңызы бар өнім шығаратындықтан, құс еті мен жұмыртқаны өндірушілер бағаны оңайлықпен көтере алмайды. Осылайша оларға да кәсіп тиімсіз болады.
«Өздеріңіз білетіндей, құс шаруашылығында өнімнің өзіндік құнының 80%-ға дейіні жемшөп есебінен алынады. Бұл әсіресе жұмыртқа өнімдерін өндіруде өте маңызды. Бір жұмыртқа 500 теңге десек, оның шамамен 400 теңгесі жемге кетеді» дейді Солтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ақан Жүнісов.
Осы сәтте жоғарыдағы екі мәселе тоғысып, бірін-бірі шешеді. Ірі қара мен жылқы терісінен жасалған жемшөп қоспасының болашағы жарқын болып шықты. Терілер облыстағы қасапханалардан сатып алынады. Әрі қарай шикізат үгіткішке жіберіліп, дәнді дақылдардың мөлшеріне дейін үгітіледі. Сосын оны кептіріп, жүн қалдықтарынан тазартады. Одан кейін шикізат термоөңдеуден өтеді. Соңғы кезеңде қалған масса ұнтаққа айналдырылады.
Жоба авторларының айтуынша, бұл қоспа құстарға ғана емес, мал шаруашылығына да жарамды. Өнімге балық өсірушілер де қызығушылық танытқан. Ақан Жүнісовтың түсіндіруінше, қоспамен азықтанған герефорд тұқымды сиырлар тәулігіне 900-940 грамм салмақ қосыпты. Ол мұндай өндіріс арқылы шетелдің қымбат қоспаларын отандық өніммен алмастыруға болатынын айтады.
Бұған дейін шенеуніктер елімізде мал терісін өңдеу бойынша бірнеше ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын хабарлаған еді. Жемдік қоспалардан бөлек, желатин өндіру және құрылыс материалдарын өндіруге мал жүнін пайдалану мәселелері талқыланған.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение