Мәзір

Су министрі оңтүстік өңірлердегі құрғақшылыққа болжам жасады

17.01.2024
Су министрі оңтүстік өңірлердегі құрғақшылыққа болжам жасады

Министр Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, Қырғызстандағы Киров су қоймасына өткен жылмен салыстырғанда су 40 миллион текше метр көбірек жиналған. Ведомство қырғыз тарапымен сәуір айында Жамбыл облысына ішінара су беруді бастау туралы келісімге келуді жоспарлап отыр. Бұл туралы World of NAN порталы kursiv басылымына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Министр сондай-ақ Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасында су қорының айтарлықтай артқанын, мұнда өткен жылғы 135 млн текше метрмен салыстырғанда екі есе көп – 300 млн текше метр су жиналғанын атап өтті.

Дегенмен, Қырғызстандағы Орта-Токой су қоймасына қатысты алаңдаушылықтар бар, мұнда судың жиналу деңгейі өткен жылғы деңгейден сәл төмен.

«Жамбыл облысы алатын су көлемін қырғыз тарапымен наурыз айында келісуді жоспарлап отырмыз. Жиналған судың көлемін қарастыратын боламыз, содан соң «Қазгидромет» судың бар-жоғы жайлы биылғы жылға болжамын береді, нақтырақ айтсақ, судың көлемі бойынша сандарды наурыз айында айта аламыз», - деді Нұржігітов мәжілістің жалпы отырысында.

Сонымен қатар, ол оңтүстік өңірлердегі құрғақшылық жағдайы циклді екенін және қазіргі таңда облыс судың аздығы кезеңінде екенін баса айтты.

Еске салайық, бұған дейін Су шаруашылығы және ирригация министрлігі Қазақстанның 2024 жылы құрғақшылықпен күресу үшін суды қайдан алатынын айтқан болатын. Еліміз Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерімен трансшекаралық Сырдария мен Әмудария өзендерінің 11,1 текше шақырым суын Шардара су қоймасына өткізу туралы келісімге келді. Бұл Түркістан және Қызылорда облыстарында болашақ вегетациялық кезеңге суды сақтауға мүмкіндік береді.

Өткен жылы тамыз айында Жамбыл облысының алты ауданында құрғақшылыққа байланысты табиғи төтенше жағдай жарияланды. Су тапшылығынан көптеген фермердің егіні толығымен күйіп, миллиондаған шығын мен несиелік міндеттеме қалды. Құрғақшылықтан келген шығын көлемі үш миллиард теңгеден асады. Қазақстанның оңтүстік аймақтары толығымен дерлік Қырғызстан суына тәуелді – Жамбыл облысында суармалы судың 80%-ға дейіні көрші елден келеді.  

Одан бөлек, өткен жылдың маусым айында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев елдегі су ресурстарының сарқылуы басты мәселелердің бірі екенін мәлімдеді. Экономиканың қажеттіліктері мен халық санының өсуін ескере отырып, алдағы 20 жылда суды тұтыну 1,5 есеге өседі деп күтілуде. Әшімбаевтың айтуынша, Қазақстанға келетін су көлемі жыл сайын азайып келеді. Судың 50 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады;

Ал маусым айының басында Тоқаев Орталық Азия елдерінде ауа температурасының екі градусқа көтерілуі күтілетінін, бұл ауыз су тапшылығына және аумақтың одан әрі шөлейттенуіне әкелетінін мәлімдеді. Тоқаевтың пікірінше, Орталық Азиядағы құрғақшылық пен су тасқыны жылына ЖІӨ-нің 1,3% мөлшерінде зиян келтіреді, ал егін өнімділігі 30% төмендейді, бұл 2050 жылға қарай 5 миллион ішкі климаттық мигранттардың пайда болуына әкеледі. Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы 30 жылда Сырдария мен Әмудария өзендерінің су көлемі 15 пайызға азаяды.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии