Мемлекет басшысының жарлығымен Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы Су ресурстары және ирригация министрі болып тағайындалды. Нұржігітов осыған дейін Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарған, ал Су ресурстары министрлігі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйек күнгі жолдауынан кейін құрылған еді. Бұл туралы World of NAN порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Нұржан Нұржігітов 1967 жылы туған, білімі жоғары. 1991 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Ленинград ауылшаруашылық институтын «Инженер-механик», 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры.
Нұржан Нұржігітовтың алдында су ресурстарын тиімді басқару тетіктерін жасау, суды үнемдеу технологияларын шаруашылыққа енгізу, каналдар мен су қоймаларын ретке келтіру, сондай-ақ трансшекаралық өзендер мен су көздерін пайдалану мәселелерін шешу міндеттері тұр.
Жаңа тағайындалған министр еңбек жолын 1991 жылы Жуалы ауданы Максим Горький атындағы колхозында механик болып бастаған. Әр жылдары Төле би атындағы агробірлестіктің бас инженері, Жуалы ауданы әкімі аппаратының маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Байзақ ауданы әкімі қызметін атқарды. 2021 жылдың сәуір айынан бүгінге дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып келді.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение