Мәзір

Су тасқынынан қырылған малдың өтемақысы қалай беріледі?

23.04.2024
Су тасқынынан қырылған малдың өтемақысы қалай беріледі?

АШМ «Ауыл шаруашылығы саласындағы жеке және заңды тұлғаларға табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан келтірілген залалды өтеу қағидалары» деп аталатын бұйрығын жарияланды. Құжатқа сәйкес, табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған кезде жергілікті деңгейдегі комиссия құрылып, шығынды есепке алады, деп хабарлайды World of NAN.

Комиссия құрамына жергілікті әкімдіктердің ішкі істер органдарының (келісім бойынша), қоғамдық ұйымдардың, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палаталарының және жергілікті қоғамдастық өкілдері кіреді.

Малы табиғи төтенше жағдай салдарынан қырылды деп есептейтін тұрғындар осы комиссияға төтенше жағдай режимі жарияланғаннан бастап 30 күннің ішінде өтінішін өткізуі керек. Мал иелеріне шығын бюджеттен де, бюджеттен тыс көздерден де өтелуі мүмкін. Бюджеттен тыс көздердің ақшасы ешбір құжаты жоқ малдың шығынын өтеуге бағытталады.

Малға өтемақы тағайындау үшін комиссия мына жайттарға көз жеткізу керек:

  • өлген малдың сәйкестендіру белгілері бар екеніне (құлақ белгісі, тавро, микрочип);
  • өлген малдың сәйкестендіру белгілері жоқ болса, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасында тіркелгеніне;
  • өлексесі табылмаған малдың ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасында тіркелгеніне.

«Өлген малдың иесінің ауызша айтуы бойынша тиесілігін анықтау қажет болған жағдайда кемінде 3 куәгерді тарта отырып, ауыл шаруашылығы жануарының өлімінің комиссиялық актісін жасау және кәдеге жарату аяқталғаннан кейін акт жасау қажет. Комиссия, шаруашылық санатына қарамастан құс басы бойынша залалды өтеуді тиісті кәдеге жарату актілерінің қорытындылары бойынша жүзеге асырады», - делінген құжатта.

Демек, малдың ешбір құжаты болмаса, ешбір базада тіркелмеген және өлексесі табылмаған болса, үш куәгерді тарта отырып акт толтырылады. Өтемақы мөлшері өлген малдың жасы мен жынысына қарай Ұлттық статистика бюросы жариялайтын нарықтық құны бойынша айқындалады.

Осыған дейін фермерлер жергілікті комиссия суға ағып кеткен малдың өлігі табылмайынша, өтемақыға өтініштерді қабылдаудан бас тартқанын айтып, шағымданған еді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, су тасқынынан елімізде 7035 бас мал қырылғаны анықталған. Көктемгі су тасқынынан Қазақстан экономикасына келген жалпы шығын 200 млрд теңгені құрауы мүмкін деп айтылады.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии