Мәзір

Тағы бір инвестициялық жоба басталмай жатып тоқтап қалды

27.02.2024
Тағы бір инвестициялық жоба басталмай жатып тоқтап қалды

Жамбыл облысында түркиялық инвестордың қатысуымен іске асыру жоспарланған жоба тоқтатылды. Мұндай ақпаратты lsm.kz сайтына Ауыл шаруашылығы министрлігі берді, деп хабарлайды World of NAN.

Облыста бау-бақша егіп, жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу жобасы 2020 жылдан бері жоспарланған еді. Сол жылы Kazakh Invest компаниясы түріктің GÖKNUR GIDA компаниясы жобаға қызығушылық танытқанын қуана хабарлады.

Жоба аясында 5 мың га жерге 8 млн-нан астам жеміс ағаштарын отырғызуды көздеп, бес жыл ішінде бірнеше кезеңде жүзеге асыру жоспарланған еді. Жыл сайын 700 гектар алма, 100 гектар алмұрт, 100 гектар қышқыл және 100 гектар тәтті шие бақтарын дамытып отыру көзделді. Түркиялық инвесторлар өндіріс тұйық циклды болатынын мәлімдеген еді: яғни көшет отырғызудан бастап, үстелге қойылатын дайын өнімге дейінгінің барлығы кезең-кезең бойынша іске асырылып, ешқандай қалдық шығарылмайды.

Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрлігі қазіргі уақытта жоба инвестордың бастамасымен тоқтап тұрғанын хабарлады. Ведомство түсіндіргендей, инвестор мен әкімдік екінші деңгейлі банктермен қаржыландыру шарттарына және заңға сәйкес жер телімін беруге қатысты мәселелерді шешуі керек.

Өткен жылдың наурыз айында Ауыл шаруашылығы министрлігі журналистердің сауалына берген жауабында түрік компаниясымен инвестициялық келісім бойынша жұмыс жүріп жатқанын хабарлаған еді. Жергілікті әкімдік бау-бақша отырғызу үшін 2247 гектар аумақ белгіленгенін де айтты. Ал инвесторлар техника және шаруашылық жағына жауапты болатыны, сонымен қатар өзінің дистрибьюторлық желісін пайдалана отырып дайын өнімді сыртқы нарыққа шығаратыны хабарланған еді.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии