EnergyProm мониторинг қызметі жариялаған соңғы есепте өндірістік және фермерлік жылыжайлардың көлемі қысқарып бара жатқаны айтылады. Жылыжай кәсібін қолға алған көптеген кәсіпкер банкрот болудың аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды World of NAN.
Кейінгі бір жылда Қазақстанда қолданыстағы жылыжайлардың ауданы 18,1%-ға қысқарды. Енді мұндай нысандардағы 1,5 мың гектарға жуық жердің орнына шын мәнінде 1,2 мың гектар жылыжай алаңы ғана көкөніс, көшет және гүл өсіруге пайдаланылады. Еліміздегі аумағы 270,5 гектарды құрайтын жылыжай кешендері бұзылмаған немесе сүрілмеген, олар жай ғана түпкі мақсатына сай жұмыс істемей тұр.
Теріс көрсеткіштердің ортаға шығуына фермерлік жылыжай алаңдарының қысқаруы көбірек әсер етті: 2022 жылы – 210,3 гектар аумаққа немесе 24,7 пайызға қысқарған. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының да қолданыстағы ірі өнеркәсіптік жылыжайлары қысқарды. Рас, мұнда соншалықты көп кемімеді: 43 гектар немесе 16,4%.
Бұл жағдай жылыжай көкөністерінің жалпы өнім нәтижелеріне де әсер етті. 2022 жылы жабық алаңда өсірілген қияр мен қызанақтың жалпы өндірісі небәрі 182,4 мың тоннаны құрады, бұл жылыжай фермерлері 256,5 мың тонна өнім жинаған 2021 жылмен салыстырғанда үштен бір мөлшерінде аз.
Қазақстандағы жылыжай көкөністерінің негізгі жеткізушісі – оңтүстік өңіррлер. Климаттық жағдайларға байланысты, қысы қатты болатын солтүстік пен шығысқа қарағанда, мұнда жабық кешендерде егін өсіру арзанырақ. Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласы қазақстандық базарлар мен дүкен сөрелеріндегі жылыжай көкөністерінің 76,3 пайызын қамтамасыз етеді. Әсіресе Түркістан облысының шаруашылықтары көш бастап тұр.
Бұл 2022 жылғы қорытындылар. Ұлттық статистика бюросының мамандары келесі жылдың басында фермерлердің 2023 жылғы жұмысының нәтижесін ұсынады, бірақ ол есеп бұдан да пессимистік жағдайды көрсетеді деп күтіліп отыр. Өткен қатты қыстан кейін, оңтүстікте бұрын-соңды болмаған аяздан соң, оңтүстік өңірлердегі көптеген жылыжай шаруашылықтары орасан шығынға ұшырады. Парламент Мәжілісінде өткен үкімет сағатында сөз алған Түркістан облысы және Шымкент қаласы жылыжайлары мен бағбандары қауымдастығының өкілі Сәкен Қаныбеков қазір оңтүстікте жылыжай шаруашылықтарының 90 пайызы банкротқа жақындап қалғанын айтты.
Өткен қыста оңтүстік диқандарының басты мәселесі – көмірге қатысты апатты жағдай болды. Қыста ауа температурасы минус 30 градусқа дейін төмендеген кезде көптеген жылыжайды жылыту мүмкін болмай қалды. Мұндай шаруашылықта температураны бірнеше күн ғана төмендету маусым бойғы еңбектің нәтижесін жоққа шығарады. Фермерлер ондаған тонна піспеген үсік шалған қызанақты жай ғана лақтырып тастауға мәжбүр болды.
Көмір мен жанармайдың тапшылығы мен қымбаттығы Қазақстандағы жылыжай бизнесін дамытуға кедергілердің бірі ғана. Оңтүстік өңірлердегі жылыжай өсірушілер қауымдастығының мамандары бес жылдан астам уақыттан бері Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Премьер-Министрге, ел Президентіне ауыл шаруашылығындағы осы саланың аянышты жағдайына назар аударуды сұрап хат жазып келеді. Саланың жүйелі проблемалары көкөніс құнының өте жоғары болуына әкеліп соқтырады, ал маусымаралық кезеңде отандық өнім импорттық қияр мен қызанақпен баға бойынша бәсекеге түсе алмайды. Тіпті логистикалық және басқа да экспорттық шығындарды есепке алғанда, көршілес Орталық Азия елдерінің жеткізушілері Қазақстан нарығына төмен бағамен кіреді. Қауымдастық өкілінің пікірінше, коммуналдық тарифтердегі айырмашылық көп болғандықтан, шаруаларымыз бәсекеге қабілетсіз жағдайда жұмыс істейді.
«Мәселен, Түркіменстанда электр энергиясының бір киловаты біздің валютамен есептегенде – 7,8 теңге, Өзбекстанда – 18 теңге, Шымкент пен Түркістанда – 37 теңге тұрады. Газдың мың текше метрі бізде – 37 мың теңге, ал Өзбекстанда жылыжайлар үшін 11 мың, Түркіменстанда – 2,5 мың теңге тұрады. Бізде барлық шығынның 50 пайызы – энергия үшін төлем. Оның үстіне біз импортқа қатты тәуелдіміз – шаруалар тұқым, материал, тыңайтқыштарды шетелден сатып алады. Ал бұл тауарлар соңғы бір жылда 50 пайызға қымбаттаған. Соның салдарынан жылыжай шаруашылығының рентабельділігі өте төмен – 12% шегінде», – деді Сәкен Қаныбеков Мәжілісте өткен жиында.
Қазақстандық агрономдарды көршілес елдердің кәсіпкерлерімен жартылай болса да теңестіру үшін шаруалар жылыжайға гектар бойынша субсидия енгізуін және энергия шығынын ішінара өтеуді енгізуді көптен сұрап жүр. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, үкімет жылыжай өсірушілерге мұндай субсидияларды төлеуге дайын, бірақ олар алдымен өндіріс технологиясына сәйкестік сертификатын ұсынуы керек.
Шаруалардің мәселесіне назар аударамыз деп енді ғана уәде беріп жатса, Қазақстан дүкендеріндегі жылыжай көкөністерінің қымбаттығы азық-түлік инфляциясының орташа көрсеткішінен әлдеқашан асып кетті. Әсіресе бұл айырмашылық қияр бағасының индексі мен азық-түліктің орташа индексін салыстырған кезде байқалады. Жылыжай көкөністерінің бағасы «ең жоғары» болатын маусым – желтоқсаннан наурызға дейінгі аралықты – құрамында дәрумені мол бұл өнімнің бір килограммы 957-1244 теңгеге сатылып, бағаның өсуі 47,5% – 56,8% аралығында болды. Ал осы тұста бағаның орташа өсімі 25% -26% аралығында болған.
Маусымаралық кезеңде қызанақтың бағасы да келісіне 1000 теңгеден асты, бірақ қиярмен салыстырғанда бұл өнімнің инфляциялық көрсеткіші соншалықты жоғары болмады. Бұл көкөністің қымбаттауы 20%-32% аралығында болды.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение