«Шұбаркөл Көмір» АҚ мен Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтары арасында қосымша 150 мың тонна көмір жеткізуге келісімшарт жасалды. Жылыжай фермерлері 2024 жылдың қаңтарынан бастап көмірдің тоннасын 10 350 теңгеге ала алады. Бұл туралы World of NAN порталы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Көмір жеткізу бойынша келісім бірнеше мүдделі тарап: Индустрия және инфрақұрылымдық даму, ауыл шаруашылығы министрліктері, Түркістан облысы әкімдігі, жылыжай шаруашылықтары, көмір жеткізу жөніндегі өңірлік операторлар, көмір кәсіпорындары және «ҚТЖ» ҰК АҚ өкілдерімен келіссөздердің бірнеше раундының нәтижесінде дүниеге келді.
Жылыжай шаруашылықтары келісімшарт жасасу тәсілдері туралы толығырақ ақпарат алу үшін Түркістан облысы әкімдігінің энергетика басқармасына жүгінуі керек.
Өңір әкімдігінің мәліметінше, 20 шілдедегі жағдай бойынша облысқа 148,8 мың тонна көмір жеткізілген, оның 28 мың тоннасын жылыжай шаруашылықтары сатып алды.
2023 жылдың ақпан айының басында Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қалың қардан зардап шеккен Түркістан облысының жылыжай иелерімен кездескен болатын. Сол кездесуде олар Вице-премьерге көмірді жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету және субсидияларды қайтару туралы өтінішпен жүгінген еді. Вице-премьер Үкіметтің жылыжай шаруашылықтарын субсидиялау туралы шешімін түсіндірді. Ол үшін жылыжай сертификаттаудан өтіп, өндіріс стандарттарына сай болуы керек. Осы мақсатта жылыжайлар үшін ұлттық стандартты әзірлеу тапсырылды. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы министрлігі басым дақылдарды өндіру шеңберінде жылыжай шаруашылықтарын субсидиялауды енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, маусымаралық кезеңде жылу энергиясына арналған шығыстарды субсидиялау жүйесін енгізу жоспарланған.
Субсидияға өтініш беру үшін жылыжайдың өндіріс технологияларына сәйкестігі туралы сертификат қажет. Ол үшін Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп 2023 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енген фермерлік жылыжайлар үшін Ұлттық стандартты (ҚР СТ 3834-2023) бекітті. Сертификаттау бойынша дайындық жұмыстары тамыздың бірінші онкүндігінде аяқталады деп күтілуде.
Ауыл шаруашылығы министрлігі 1 гектарға келетін шығыстарды өтеуді көздейтін субсидиялау қағидаларына өзгерістер әзірлеген. Ережелер 2023 жылдың тамыз айының соңына дейін қабылданады деп күтіліп отыр.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение