Мәзір

Түркістан облысында балық шаруашылығы дами бастады

08.08.2023
Түркістан облысында балық шаруашылығы дами бастады

Түркістан облысында алдағы үш жылда 91 балық шаруашылығы ашылмақ. Биылдың өзінде тауарлы балық өсіретін 30 шаруашылық жұмысын бастап кетті. Бұл туралы World of NAN порталы Хабар 24 арнасының репортажына сүйене отырып хабарлайды.

Сайрам ауданындағы тауарлы балық өсіретін «Көмеш Балық» шаруашылығы 2017 жылы құрылған. Мұнда шабақ салатын – 14 көл, тауарлы балық өсіретін 17 көл бар. Онда негізінен карп тұқымдас, сазан, тұқы, дөңмаңдай, ақ амур өсіріледі. Шаруашылық шабақты өздері өндіреді. Уылдырық шығаратын екі цехта жылына 1,5 млн шабақ өндіріледі. Шаруашылық басшысы Бақытбек Төрегелдиевтің айтуынша, оның 600 мыңы өздерінде қалса, қалғанын облыстағы басқа шаруашылықтарға сатады. 

“Шабақтарды өсіретін бос жерлеріміз бар. Ол жерлерге де жаңадан көлдер ашып жатырмыз. Биыл ерте көктемде судактың тұқымдарында шығардық. Шамамен 200 мыңдай шабақ шығардық. Оны келесі жылы да дамытуға әрекет жасап жатырмыз. Былтыр 650-700 тоннаға дейін балық өндірдік. Биыл мың тоннаға жеткіземіз деп әрекет жасап жатырмыз”, - дейді ол.

Жергілікті өнім жергілікті базарларға жөнелтіледі. Тұтынушылар көл басынан да сатып алып кетеді. Балықтың тұқымына қарай келісін 1200-2500 теңге аралығында өткізеді.

Ал Түлкібас ауданы Құлан су қоймасындағы балық шаруашылығы жұмысын былтыр бастады. Мұнда көлге сазан, ақ амур және дөңмаңдайдың 3 млн жуық уылдырығы жіберілген. Ал су бетіндегі тор шарбақтарда форельдің 50 мыңға жуық шабағы өсіп, жетілуде. Шаруашылық басшысы Қайсар Байтілеуов алдағы күзде су айдынынан 150 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр. 

Түркістан облысында қолдан жасалған тоғандарды қоспағанда, жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Онда 156 кәсіпкерлік мекеме тауарлы балық өсірумен айналысады.

Облыстық табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы Данияр Сейітов тауарлы балық өндіру бойынша Түркістан өңірі республикада көшбасшы болып отырғанын айтады. “Тауарлы балық өндіру бойынша биылға жоспарлаған межеміз 6640 тонна болатын, соны 2024 жылы 10 мың тоннаға жеткізу жүктелді. Соның аясында жұмыс істеп жатырмыз”, - дейді ол. 

2020 жылы бекітілген балық шаруашылығын дамытудың 10 жылдық бағдарламасына сәйкес, өңірде 2030 жылға дейін 20 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр. Биыл саланы дамытуға жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Екінші жарты жылдыққа да сонша қаржы қаралған. Ал инвестициялық субсидия ретінде республикалық бюджеттен 226 млн теңге бөлініпті. Одан бөлек балық жемінің 30%, ал шабағы мен аналығын сатып алуға кеткен шығынның 25%-ін мемлекет өтейді.   

Қазір Түркістан облысының Шардара ауданында балықты терең өңдейтін бес зауыт жұмыс істейді. Олар былтыр 5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 80 пайызын экспортқа шығарды. Тапсырыс тек Еуропа елдерінен емес, Америкадан да түскен. Биыл өңір кәсіпкерлері 5 мың тоннаға жуық балық өнімін экспорттауды көздеп отыр. 


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии