Мәзір

Түркістан облысының фермерлері жібек құртын өсірмек

09.04.2024
Түркістан облысының фермерлері жібек құртын өсірмек

Түркістан облысында жібек кластерін дамытудың жол картасы әзірленді. Оның аясында фермерлерді несиелендіру бағдарламасы бекітілді. Несие бағдарламасының аясында фермерлер тұт ағашын отырғызып, жібек құртын өсіре алады. Бұл жөнінде World of NAN облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Жергілікті атқарушы органның хабарлауынша, өткен жылы Жетісай ауданына Өзбекстанның Әндіжан қаласынан тұт ағашының «Ашима» жапон сортының алғашқы 10 мың түп көшеті әкелінген. Биыл да жұмыс жалғасады. Жібек кластерін дамыту үшін аудан балансынан 31,8 гектар жер бөлінген. Бұл жерлерге тұт ағаштары отырғызылады. Ал жалпы облысқа алдағы уақытта Өзбекстаннан 2,5 млн түп тұт ағашын жеткізу жоспарланған.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, тұт отырғызып, жібек өндіруге ниет білдірген тұрғындарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қаржылай көмек көрсету тетіктері қарастырылған. Аймақтағы «2024-2026 жылдарға арналған жібек кластерін дамытудың жол картасы» бойынша, шаруаларға несие беру бағдарламасы бекітілді. Оған сәйкес тұт ағашын отырғызған кәсіпкер алғашқы өнімін алғанша 20 айға демалыс ала алады. Дегенмен несиенің пайызы оны беруші екі қаржы ұйымының шарттарына байланысты болмақ.

Жапырағы ақуыз бен протеинге бай тұт ағашы орта есеппен 70-80 жыл өмір сүреді, ал жидегі түрлі ауруға ем. Мамандар тұт ағашын егу арқылы отбасылық кәсіп ашып, 1 гектар жерге егілген тұт ағашының жапырағынан 2 млн теңгеге дейін, ал жібек құртын өсіру арқылы 1 гектар баудан 4,5 млн теңгеге дейін таза пайда табуға болатынын айтады. Өңірде осы кәсіп жаппай қолға алынса, өнімдерді Шығыс Еуропа мен Оңтүстік Кореяға, Қытайға еш кедергісіз сатуға болады.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии