Мәзір

Алматы облысында суармалы жерлер 2028 жылға қарай 137,8 мың га көбейеді

25.05.2020
Алматы облысында суармалы жерлер 2028 жылға қарай 137,8 мың га көбейеді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапары аясында Алматы облысындағы ауыл шаруашылығы және су шаруашылығының, сондай-ақ тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымның дамуын тексерді. 

Ақсу ауданында А.Мамин жобалық қуаттылығы 42 млн куб м болатын Қызылағаш су қоймасының реконструкциясымен танысты. Алдағы вегетация кезеңінде су қоймасы суармалы жерлердің аумағын кеңейтіп, сумен қосымша 7 мың га алқапты қамтамасыз етуге жол ашады. 

Үкімет басшысына Алматы облысының ирригациялық жүйесін жаңғырту жобалары туралы баяндалды. Өңірде 356 гидротехникалық құрылғы жұмыс істейді, ирригациялық желілердің ұзындығы — 16,6 мың шақырым.  Каналдарды, тоғандар мен гидротораптарды жөндеу және реконструкциялау бойынша жоспарланған жұмыстар 2028 жылға қарай 137,8 мың га суармалы жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Биыл су шаруашылығы нысандарын дамытуға облыстық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 1,4 млрд теңге 9 нысанды күрделі жөндеуге бөлінген. Ислам даму банкінің қаражаты есебінен суару желілерін реконструкциялау жұмыстары Ескелді, Ақсу, Алакөл және Көксу аудандарында жүргізіліп жатыр. 

Премьер-Министр Алматы облысының Балқаш, Ескелді және Талғар аудандарының жетекші шаруа қожалықтарының тәжірибелік демонстрациялық алаңдарын, сүт-тауар фермаларын және материалдық-техникалық базасын аралап көрді. А. Маминге өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және ветеринария салаларындағы отандық ғылыми-зерттеу институттарының әзірлемелері, қарқынды егіншілік, асыл тұқымды жылқы шаруашылығы, ет пен сүт өндірісін кеңейту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту жобалары таныстырылды.

Биыл Алматы облысының агроөнеркәсіп кешенінде 42 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 2020 жылдың төрт айының қорытындысы бойынша 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 2,3%-ға, азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 14,2%-ға, ал АӨК өңделген өнім экспорты 27,6%-ға өсті. 

Ақпарат көзі: primeminister.kz


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии