Мәзір

Вегетериандық немесе веган болу қоршаған ортаға пайдалы ма?

07.03.2023
Вегетериандық немесе веган болу қоршаған ортаға пайдалы ма?

Әлемде болып жатқан көптеген табиғи апаттардың негізгі себебі климаттың өзгеруі болып табылады. Мысалы, Орталық Азиядағы су кризисі жер бетіндегі орташа температураның көтерілуі себебінен болып жатқан таудағы мұздықтардың азаюы салдарынан туындап отыр.

Соңғы он жылдыққа көз жүгіртетін болсақ, әлемде топан су, құрғақшылық, орман алқаптарының өртенуі сияқты апаттардың жиілігі мен ауқымы өсіп келеді. Қазақстанды алатын болсақ, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы ауыл шаруашылығымен күн көріп отырған көптеген адамдарға кері әсерін тигізген құрғақшылықты атап өтуге болады. Сондай-ақ, жылда болатын өрттерді де мысал ретінде келтіруге болады. Биылғы күздің басында болған Қостанай облысындағы өрт 43.000 гектар жерді қамтыды, 100-ден аса тұрғын үйлер өртеніп кетті.

Вегетериандықтың климаттың өзгеруіне және әлемде болып жатқан табиғат апаттарына қандай қатысы бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Климаттың өзгеруіне әсер етуші негізгі фактор – адамдардың іс-әрекеті салдарынан пайда болатын парниктік газдар шығарындылары. Соңғы зерттеулердің нәтижелеріне сүйенетін болсақ, ғаламдық парниктік газдар шығарындыларының үштен бірі әлемдік азық-түлік өндірісіне тиесілі екені анықталды. Ал, жан-жануарларды ет үшін пайдалану өсімдік негізіндегі тағамдарға қарағанда қоршаған ортаға екі есе көп парниктік газдарды шығарады (1). Яғни, парниктік газдар ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану, тыңайтқыштарды шашу, өнімді тасымалдау және өңдеу кезеңдерінің бәрінде шығарылады.

Парниктік газдар шығарындыларының басым бөлігі жан-жануарларды ет үшін немесе сүт өнімдерін алу үшін өсіруге тиесілі екені анық. Соңғы зерттеулердің бірінде Америка ғалымдарының айтуы бойынша, азық-түлік өнімдерін өндіру жылына 17,318 ± 1,675 TgCO2 экв шығарындыларды қоршаған ортаға шығарады және оның 57%-ы жануарлардан алынатын тамақ өнімдеріне (мал азығын қосқанда), 29%-ы өсімдік тектес тағамдарға тиесілі (2).

Ет өнімдерінің ішінде парниктік газдардың шығарындылары бойынша сиыр еті көш бастап тұр. Ет пен өсімдік шаруашылығы шығарындыларының айырмашылығы айтарлықтай үлкен болып отыр. Мысалы, 1 кг бидай өндіру үшін 2,5 кг парниктік газдар бөлінеді, ал 1 кг сиыр еті 70 кг шығарындыларды шығарады. Сондай-ақ, қоршаған ортадан бөлек адамдарға күнделікті өмірде жаңа піскен көкөністер мен жемістерді көбірек пайдалану және етті тұтынуды азайту жалпы денсаулыққа оң әсер ететіні белгілі.

Айта кететін жайт, әлемде дамыған мемлекеттердің барлығында дерлік жан-жануарлардың етін тұтынбайтын адамдар өсімдіктен жасалған етті супермаркеттердің сөрелерінен таба алады. Әлемде көптеген компаниялар етті өсімдіктен өндіріп қана қоймай, олардың дәмдерін де жан-жануарлардың етіне ұқсас етіп жасаған. Бұл адамдардың жан-жануарлардың етін пайдалануды азайтып, өсімдіктен жасалған азық-түлікті тұтынуға көшу арқылы климаттың өзгеруімен күресуге оң әсер ететін қадамдардың бірі болып саналады.

Етті азырақ тұтыну немесе толығымен вегетериандық, я вегандыққа көшу қоршаған ортаға пайдалы болуы керек, дегенмен, бұл жерде климаттың өзгеруін келесідей күрделі жаһандық мәселелермен бірге қарастырған жөн: көптеген адамдардың толық қанды тамақтануға қол жетпеуі, тұщы судың азаюы, саяси ахуал және экономикалық даму. Сондай-ақ, әр елдің ерекшеліктері, сол елде тұратын адамдардың салт дәстүрі, ұлттық тағамдары немесе тағамдық қажеттіліктері ескерілуі керек. Тек қоршаған орта ғана адамдардың не жейтініне нұсқау бола алмайды.

Мысалы, кедей немесе дамушы елдерде веган немесе вегетериандық  болу салыстырмалы түрде дамыған мемлекеттерге қарағанда қарапайым адамдарға қолжетімсіз. Дүниежүзілік банкінің мәліметі бойынша жер бетінде 3 миллиардқа жуық адам дұрыс тамақтануға қолдары жетпейді (3). Климаттың өзгерісіне кері әсерін тигізбей аштықпен күресу және адамдарға негізгі қажетті азықпен қамтамасыз ету үшін теңгерімді тұрақты шешімдер қажет.

Қазақстан жағдайында бұл мәселені қарастыратын болсақ, жалпы тұрғылықты халықтың басым бөлігінің тұтынатын азық-түліктің ішінде  салыстырмалы түрде ет пен ет өнімдерінің үлесі жоғары. Ал, қарапайым халыққа көбірек көкөніс пен жеміс-жидектерді тұтыну қол жетімсіз, себебі олардың бағасының қымбат болуы және басым бөлігінің импортталуына байланысты.

Оның үстіне, дүкен сөрелерінде арнайы вегетериандарға немесе вегандарға арналған азық-түліктің жоқтығы, бар болса да шет елден импортталуына байланысты қымбат болып келеді. Қорытындылай келе, Қазақстанда дамыған елдермен салыстырғанда веган немесе вегетериандық болу қиынырақ. Дегенмен, қазақстандықтарға денсаулыққа пайдалы және арзандау келетін жергілікті маусымдық көкөніс пен жеміс-жидектерді көбірек тұтынуға кеңес беріледі. Жалпы бүкіл мемлекетті қарастыратын болсақ, отандық көкөніс пен жеміс-жидектерді өсіру, жалпы азық-түлік өндіру мен оларды сақтау инфраструктураларын дамыту керек. Сондай-ақ, экономиканы дамыту арқылы қарапайым адамдардың сатып алу әлеуетін жоғарылатуға болады, ал бұл дұрыс тамақтануды адамдарға жаппай қол жетімді етеді. Қоршаған орта, халықтың әлеуеті, экономика секілді ұғымдар бір-бірімен тығыз байланысты.

Бауыржан Биахметов, жасыл энергетика, қоқыс-қалдықтарды басқару және климат дағдарысы бойынша сарапшы, Глазго университетінде PhD кандидат.

P.S. Мақала Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауы және демеуімен «Bilim Barine» қоғамдық қорымен жүзеге асырылып жатқан «Methane as Sustainable Gas in Kazakhstan» жоба аясында дайындалған.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии