Мәзір

Агроном және мал өсіруші мамандығына оқитын студенттер азайып барады

27.12.2023
Агроном және мал өсіруші мамандығына оқитын студенттер азайып барады

Жақында жоғары білім туралы жаңа статистика жарияланды. World of NAN редакциясының сарапшысы ауыл шаруашылығындағы жоғары білімнің жағдайын қарастыруды жөн көрді.

Соңғы мәліметтер бойынша, биылғы оқу жылында ауыл шаруашылығы және биоресурстар мамандығы бойынша білім алатын студенттер саны – 7212. Бір қызығы, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға жоғары болғанымен, 2018/19 оқу жылының көрсеткішінен 26 пайызға аз. Ветеринария саласында 4739 студент оқиды, бұл да 5 жыл бұрынғы 5911 адам көрсеткішінен айтарлықтай аз. Үлесті түрде есептегенде, Қазақстандағы барлық студенттердің тек 2 пайызы ғана ауыл шаруашылығы және ветеринария саласында оқиды. Осылайша бұл салада білім алушылардың саны «Ұлттық қауіпсіздік және әскери істер» (0,7%) бойынша білім алушылардан ғана көп болып, тізімде «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» (3%) студенттерінен кейін соңғы орындарда тұр.

Биылғы оқу маусымында ауыл шаруашылығына (ветеринарияны қоспағанда) 2412 студент оқуға түсті, бұл алдыңғы 5 жылдағы жылына орташа 2100 адам көрсеткішінен айтарлықтай жоғары немесе өткен жылмен салыстырғанда 32% жоғары. Ветеринарияға 1150 адам түсті, бұл кейінгі 5 жылдағы орташа көрсеткіштен сәл төмен (5%-ға). Үлес көрсеткіші бойынша да жағдай осындай. Барлық студенттің 1,4 пайызы ауыл шаруашылығына, ал 0,67 пайызы ғана ветеринарияға түсті, бұл Ұлттық қауіпсіздік және әскери істер бойынша 0,85% нәтижеден де төмен.

Бірақ сегменттеп қарастырар болсақ, ауыл шаруашылығына тікелей оқуға түсетін студенттер азайып барады. Студенттердің көп бөлігі орман шаруашылығында оқиды, осыдан 4 жыл бұрын 445 студент болса, биыл 1268 студент болды. 2019/20 оқу маусымында 1187 студент агроном мамандығы бойынша оқуға барса, биыл 595 студент қан. Мал шаруашылығына жаңадан келген студенттер ағыны да осы уақыт ішінде екі есеге жуық қысқарған: 211-ден 119 адамға дейін. Екінші жағынан, ауыл шаруашылығы инженериясына көбірек адам түсе бастапты (студенттер саны 85-тен 248 студентке өсті).

Кейінгі жылдары мемлекеттік гранттар арқылы ауыл шаруашылығына түсетін студенттердің саны мен үлесі артты. Бес жыл бұрын ауыл шаруашылығына түскен грант алушылардың үлесі 70 пайызды құрады. Биыл бұл көрсеткіш 75 пайызды құраса, алдыңғы екі жылда 78-79 пайызды құраған. Жалпы биылғы жылы қабылданған студенттердің 40 пайызы грант иегерлері болып шықты, осы салаға оқуға түскен студенттер ағынының азаюын ескерсек, ақылы білім беретін мамандық ретінде ауыл шаруашылығының тартымдылығы төмендегенін байқаймыз. Грант алушылардың үлесі бойынша ауыл шаруашылығы дәстүрлі түрде қолдау көрсететін «Жаратылыстану, математика және статистика» санатынан (83%) кейін екінші орында тұр.

Ауыл шаруашылығындағы жеке мамандықтардың ішінде грант алушылардың ең көп саны - агроинженерия мамандығы (86%). Орман шаруашылығында биыл мемлекет есебінен оқитын студенттердің үлесі 76 пайызға дейін төмендеген. Агрономияда кейінгі 4 жылда грант алушылардың үлесі 73%-дан 69%-ға, ал оқуға түскен студенттер саны 867-ден 413 адамға дейін төмендеді. Сонымен қатар, бұл мамандық бойынша бөлінген гранттар саны осы уақыт ішінде 68-ге азайған. Яғни, агрономия мен мал шаруашылығына бөлінген гранттар жеткілікті, бірақ үміткерлер аз. Ал ақылы негізде оқитындар грантқа түсу үшін ҰБТ-ның шекті деңгейіне жете алмаса керек. Ветеринария бойынша грантқа түскендердің үлесі 48-60% аралығында ауытқиды.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии