Автор: Бауыржан Биахметов, ол «Bilim Barine» қоғамдық қорының жасыл энергетика, қоқыс-қалдықтарын басқару және климат дағдарысы салалары бойынша сарапшысы.
Әлем мемлекеттері мен ұйымдары климат дағдарысын шешу мақсатымен метан шығарындыларын азайту бойынша міндеттемелерге қол қойған. 2021 жылдың қарашасында Ұлыбританияда өткен COP26-да Америка Құрама Штаттары мен Еуропалық одақтың бастауымен адами факторларға байланысты болатын метан шығарындыларын азайту үшін «Жаһандық метан міндеттемелері» (Global Methane Pledge) қабылданды. Бұл міндеттемелердің негізгі мақсаты – 2030 жылға қарай антропогендік метан шығарындыларын 2020 жылғы деңгейден кемінде 30%-ға қысқарту. Метан – жаһандық жылынуға әсер етуші негізгі жылыжай (парниктік) газдардың бірі, ал оның бөлінуінің басты себебі – адамзаттың іс-әрекеті.
Жаһандық метан міндеттемелеріне Қазақстан әлі қосылған жоқ, бірақ халықаралық ұйымдармен жүргізіліп жатқан қазіргі келіссөздерге қарағанда, алдағы уақытта қосылуы ықтимал. Қазақстанның Жаһандық метан міндеттемелеріне қосылуы мынадай оң өзгерістерге әкелуі мүмкін:
1. Климат дағдарысымен күресуге ат салысады:
Жаһандық метан міндеттемелеріне қосылу – Қазақстанның экологиялық жауапкершілігін көрсетеді. Сондай-ақ, мемлекетіміз температураның көтерілуін шектеу бойынша жаһандық міндеттемелерін орындауға үлес қоса отырып, өзінің және әлемнің экожүйесін қорғайды.
2. Экономикалық мүмкіндіктер:
Метан шығарындыларын азайту тек қоршаған ортаны қорғауға ғана қатысты емес, сонымен бірге, ол айтарлықтай экономикалық пайдасын да тигізеді. Қазақстанда метан шығарындыларының ең үлкен көзі – мұнай-газ саласы. Бұл саладағы жұмыстарды жақсартып, шығарындыларды азайту арқылы шығындарды айтарлықтай азайып, ресурстарды үнемдеуге қол жеткізуге болады.
3. Халықаралық беделін арттыру:
Жаһандық метан міндеттемелеріне қосылу арқылы Қазақстан климат дағдарысына бағытталған халықаралық қозғалыспен елдің ішкі саясаты сәйкес келетінін көрсетеді. Бұл мемлекеттің экологиялық жауапты ел ретінде беделін көтеріп қана қоймай, сонымен қатар, таза және тұрақты бастамаларды қолдауға мүдделі халықаралық инвесторлар мен серіктестерді тартады.
4. Ауаның сапасы және халықтың денсаулығы:
Метан шығарындыларын азайту жұмыстары ауаның сапасын жақсартып, оның нәтижесі Қазақстан азаматтарының денсаулығына тікелей оң әсер етуі мүмкін.
5. Технологиялық жетістіктер:
Міндеттемелерге қосылу метан шығарындыларын өлшеу, бақылау және азайту үшін инновациялық технологиялар мен тәжірибелерді қолдануды ынталандырады. Бұл өнеркәсіп пен ғылыми-зерттеу саласында ілгерілеуге, Қазақстанда инновациялар мәдениетін дамытуға әкелуі мүмкін.
7. Тұрақты ауыл шаруашылығы:
Ауылшаруашылық қызметі, соның ішінде мал шаруашылығы – метан шығарындыларының тағы бір маңызды көзі. Қазақстанның міндеттемелерге қосылуы қоршаған ортаға да, ел фермерлеріне де пайда әкелетін тұрақты ауылшаруашылық тәжірибесін қолдануды дамытады.
Қорытындылай келе, Жаһандық метан міндеттемелеріне қосылу – тұрақты оңтайлы саяси өзгерістер болған жағдайда, Қазақстан үшін көп пайда әкелуі әбден мүмкін. Ол елдің экологиялық қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, сонымен қатар экономикалық мүмкіндіктерге жол ашып, халықаралық беделінің артуына және халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Жаһандық метан міндеттемелеріне қосылу арқылы Қазақстан өз азаматтары мен жаһандық қоғамдастық үшін таза, жасыл және гүлденген болашаққа жол аша алады.
Бұл мақала Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауы және демеуімен «Bilim Barine» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Methane as Sustainable Gas in Kazakhstan» жобасы аясында жазылған.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение