Мәзір

Жаңа жоба LRT тағдырын қайталамай ма?

22.09.2022
Жаңа жоба LRT тағдырын қайталамай ма?

Жақында біз белгілі шетелдік компанияның Қазақстандағы жаңа жобасы туралы тың деректерге тап болдық. Қолға түскен мәліметтерден белгілі болғандай, ел Үкіметі инвестиция тартамын деп бюджетті шығынға батыратын тиімсіз келісімшарт жасаған, деп хабарлайды World of NAN.

Америкалық "VALLEY Kusto" компаниясы Қазақстанда заманауи суару жүйелерін шығаратын зауыт салмақ. Әрине, жаңа зауыт салынады, жаңа жұмыс орындары ашылады деп қуануға болар еді, бірақ мұнда бір гәп бар болып шықты.

Екі тарап аталмыш жобаға қатысты екіжақты инвестициялық келісім жасаған. Міне, осы келісім шеңберінде Қазақстан Үкіметі өзіне 10 жыл ішінде 4000 ирригациялық құрылғыны сатып алуға міндеттеме алған. Ең қызығы, оларды сатып алу дәл осы 2022 жылдан басталады. Ал зауыттың ашылуы тек 2025 жылға жоспарланған. Ия, бақандай 3 жыл бойы біз өзімізде жасалмаған дүниені сатып алуға міндеттіміз.

Бір сөзбен айтқанда, кепілгер бола отырып, Үкімет автоматты түрде шетелдік суару жүйелерін өткізуді де өз мойнына алып отыр деуге болады. Сорақысы сол, соңында Үкімет бәсекелі нарық құрудың орнына өңірлік әкімдіктер арқылы фермерлерді шетелдік өндірушінің техникасын сатып алуға міндеттеуі де әбден мүмкін. Монополияға қарсы комитет дәл осы тұсқа ерекше назар аударуы керек сияқты.

Тағы бір дүние. Бүгінгі таңда нарықта қытайлық және америкалық өндірушілер бар. Және олар да өз өндірістерін ашуға мүдделі. Алайда неге екені белгісіз, ол компанияларға жоғарыда сөз болып отырған қолдау көрсетілмейтін болып шықты.

Белгілі болғандай, еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі жоба бойынша міндеттемені орындау үшін 691 млрд теңге сұраған. Оның 468 млрд теңгесі кепілді түрде 4 мың машина сатып алуға жұмсалса, қалған бөлігі ирригациялық машиналар құнының 50%-ын субсидиялауға жұмсалады. Инвестициялық келісімде Үкімет техниканың әр бірлігі үшін кем дегенде 86 мың доллар төлеуге міндетті. 10 жыл бойы және шетел валютасында!  Сонда фермерлерді валюталық қыспаққа итермелесе мұндай зауытты салудың не керегі бар деген ой тууы заңды емес пе?

Жобаға қатысты тағы бір «әттеген-ай». Келісім бойынша, техника бірлігінің ең төменгі бағасы 86000 доллардан басталады. Тіпті базалық жиынтықта да мұндай бағадағы машина тек 50 гектардан астам алқаптарды суаруға жарамды. Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 50 гектардан астам алқапта жасанды суару жүйесін пайдаланатын небары 2200 шаруашылық бар екен. Демек, ұсыныс – яғни кепілді түрде алынатын көлем – Қазақстан шаруаларының сұранысынан екі есе артық.

Олай болса кепілді сатып алу бойынша көрсетілген 4000 бірлік қайдан алынды? Әлгі жасанды суару әдісін пайдаланатын 2000 фермер жаңа суару жүйесін сатып алуға кезекке тұра қоятыны екіталай. Әлде 10 жыл ішінде алқаптарын суаратын шаруалар саны бірден 2 есе өседі деп ойлайсыз ба? Әрине, жақсы ойлаған жөн. Дегенмен шаруаның экономикалық тұсын да ескерген абзал. Мұнымен қатар фермерлерде әрқашан таңдау болуы заңды. Олар суару жүйесін қолайлы шарттармен нарықта да таба алады. Ал өз кезегінде инвестициялық келісім бойынша міндеттемелерді орындамаса Үкіметке шетелдік компания алдында өтемақы төлеуге тура келеді. Және ол өтемақы басқа жерден емес, салық төлеушілер есебінен  жабылуы әбден мүмкін.  

Енді редакциямыздың тұжырымына келсек…

Не Үкіметтің шаруаларға жаны ашып, суару жүйесін енгізуге құлшынысы соншалықты, шетелдік компания өндірісін оқшаулау үшін бюджеттен бір миллиард доллардан астам қаражат бөлуге әзір. Немесе осы мәміленің аясында қарапайым кісіге белгісіз түпкілікті пайда табуышлар бар.

Бөліскен ақпаратымызды тексергіңіз келсе, мына сілтеме https://adilet.zan.kz/rus/docs/P2100000768 арқылы өтіп, деректермен таныса аласыздар.

өтіп, деректермен таныса аласыздар.

 


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии