Мәзір

Жетісу облысының фермерлері Тоқаевқа ашық хат жолдады

06.09.2023
Жетісу облысының фермерлері Тоқаевқа ашық хат жолдады

Жетісу облысының фермерлері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады. Оларды еліміздегі қант шаруашылығының тағдыры алаңдатады. Фермерлердің айтуынша, қант зауыттары монополияланған. Жетісу облысының фермерлері «Көксу қант зауыты» қызылшаны шаруалардан өте арзанға сатып алып, нарыққа қымбатқа шығаратынын айтады. Олар зауытты мемлекет меншігіне қайтарып, қант зауытын монополистер тізіміне енгізуді сұрайды. Бұл туралы World of NAN порталы Курсив сайтындағы мақалаға сілтеме жасай отырып хабарлайды.

 

«Мен 22 жыл бойы қант қызылшасымен айналысып келемін. 2017 жылға дейін мен ешбір қарыз немесе несиесіз өз техникамды жаңалап тұруға мүмкіндігім болды. Ал соңғы бес жылдан бері мен жұмысшылардың жалақысын әрең төлеймін. Ал техникаға ақша қалмайды. Шаруалардың табысын зауыт жеп жатыр. Олай деуімнің себебі 2004 жылдары біз зауытпен келісімшартқа отырғанда, өңделген қанттың 70 пайызын біз, 30 пайызын зауыт алатын. Ол кез өте қиын болғанын білесіздер. Бірақ соған қарамастан зауыт 400 млн теңге салық төлеп отырды. Ол кезде мазут та қымбат болған. 2 жылдан бері зауыт модернизацияланып, газға көшті. Газ мазуттан 3-4 есе арзан. Бірақ бағаларға ол ешқандай әсе етпеді. Зауыт шаруаларға төлейтін ақшасын арзандатып жіберді. Мәселен 2015 жылы бір тонна қант қызылшасына 12 мың төлейтін. Ал 2016 жылы 17 мың төлеген. Ал 2022 жылдан бастап 15 мыңнан төлеп жатыр. Ол жылдары қант дәл қазіргідей қымбат болмағанын білесіздер. Ал қазір қант қымбат, бірақ соған қарамастан зауыт бізден шикізатты өте төмен бағамен сатып алады. Қазіргі табыс бөлінісі бойынша қант зауыты өңделген өнімнің 70 пайызын алады да, қалған 30 пайызын ғана шаруаларға береді», - дейді «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» кеңесінің Жетісу облысы бойынша мүшесі Александр Квитко.

Газеттің жазуынша, зауыт қойған баға фермерлерге тиімсіз. Фермерлер мұндай үрдіспен 2026 жылға қарай отандық қызылша қантының үлесін алты есе арттыру туралы Президенттің тапсырмасын орындау мүмкін болмайтынын айтады. Жалпы Қазақ агроөнеркәсіптік кешен экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты ғылыми негізделген зерттеу жүргізіп, 2022 жылы қант қызылшасы тоннасына 25000 теңгеге бағалануы керек деген шешім шығарған. Яғни зауыт шаруалардан өз бағасынан әлдеқайда төмен бағада шикізат сатып алады.

Александр Квитконың түсіндіруінше, бұрын зауыт ескі болғандықтан, бір тонна қант қызылшасынан 12 пайыз ғана өнім алынатын. Ол кездегі қызылша дәні де сондай сапалы болмаған. Ал қазір фермерлер өте сапалы, еуропалық тұқымдарды егіп жатыр екен. Олардан түсетін өнім де жақсы болуға тиіс. «Зауыттың жабдықтары да замануи. Тиісінше, алынатын өнім сәл өсуі керек еді ғой. Алайда модернизацияланған зауыт сапалы еуропалық тұқымнан да небары 12 пайыз өнім шығарады. Ал Ресей зауыттары бізден оқ бойы озық тұр. Олардың модернизацияланған зауыты қазір бір тоннадан 17 пайыз өнім шығарады», - дейді Квитко.

Сонымен қатар, шаруалар Бразилиядан келетін қымбат шикі қантты мемлекет не себепті субсидиялайтынын түсінбейді. Үкімет қант зауыттарының шикізат сатып алуына биыл 25 млрд теңге пайызсыз несие бөлген. Зауыттар бұл қаражатқа шаруалардан 2015 жылғы нарық бағасымен шикізат сатып алумен қатар, Бразилиядан келетін шикі қантты одан үш есе көп бағада сатып алады. Сонда бразилиялық қанттың құны мемлекет үшін 460 теңгеге шығады екен. Ал Ресейден өңделген қант 320-330 теңге көлемінде келеді.

Кейінгі кезде Ресейден кіретін арзан қантқа тыйым салу мәселесі көтеріліп жатыр. Фермерлер бұл мәселені шаруалар емес, осы зауыттардың иесі «өз мүддесі үшін көтеріп жатыр» дейді. Олардың ойынша, бұл зауыттар халықтың емес, алпауыттардың мүддесі үшін жұмыс істеп тұр. Өйткені қазақстандық шаруалардың қант қызылшасын өткізетін басқа жері жоқ екенін білген соң, зауыт қорықпастан монопологиялық баға ұсынып отыр.

Газеттің жазуынша, қант нарығын 2005 жылы Рахат Әлиев монополиялап алған. Ол сотталғаннан кейін мүлкі тәркіленіп, қант зауыттары «Орталық Азия Қант Корпорациясы» ЖШС-не беріледі. Оған Қазақстандағы барлық маңызды қант активтері біріктіріліп, «Кант» АҚ, «Алматы Қант» АҚ, «Алматы Қанты» АҚ, «Азия Қант» АҚ және «Көксу-Шекер» АҚ осы ЖШС-не өтеді. Ал оны бақылау Ахметжан Есімовтің күйеу баласы – Ғалымжан Есенов басқарған Delta Bank-ке беріледі. Бұл құбылмалы кезеңде қант қызылшасын егу мүлдем тоқтап қалады. Ал 2017 жылдан бастап қант зауыттары Нұрлан Төлебаевқа беріліп, мемлекеттік субсидиялар есебінен Жетісу облысының қант саласын қайта жандандыруға мүмкіндік туған. Бірақ Нұрлан Төлебаев айыпталып, 2019 жылы сотталады да, зауыт белгісіз адамдардың қолына өтеді. Шаруалар бұл зауытқа кім иелік ететінін білмейді.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии