Автор: Бауыржан Биахметов, ол «Bilim Barine» қоғамдық қорының жасыл энергетика, қоқыс-қалдықтарды басқару және климат дағдарысы салалары бойынша сарапшысы.
Климаттың өзгерісі ауыл шаруашылығына әсер етіп жатыр ма?
Әлемде болып жатқан көптеген табиғи апаттың негізгі себебі – климаттың өзгеруі, оған Қазақстанның өзінен де көптеген мысал келтіруге болады. Мысалы, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында алдыңғы жылдары болған құрғақшылықты айта кетуге болады. Бұл құрғақшылықтың қанша шығын алып келгені нақты есептелмесе де, осы жағдай сол облыстың фермерлеріне оңайға соқпағаны анық. Көптеген облыста жыл сайын күшейіп келе жатқан құрғақшылықтың әсерінен жерасты суларының деңгейі де түсіп, топырақтың орташа ылғалдылығы күрт төмендеп жатыр. Бұл, әрине, жер бетіндегі өсімдік қабатының жұтауына және сол өсімдікпен коректенетін малдың күйіне кері әсер етеді. Мұндай жағдай жемшөп және ет пен сүт өнімдері бағасының құлаштай өсуіне ықпал ететіне күмәніміз жоқ. Өкінішке қарай, климаттың өзгерісі еліміздің ауылшаруашылығына қаншалықты әсер етіп жатқаны толыққанды зерттелген жоқ және сол өзгерістерге фермерлерді дайындауға арнайы бағдарламалар да әзірленбеген. Бұл болашақта азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты ескерілмеген тәуекелдерге алып келуі мүмкін.
Метан газы дегеніміз не? Ол климаттың өзгерісіне қалай әсер етеді?
Метан – әлемде бар негізгі бес жылыжай газдардың бірі. Жер шарымыздағы тіршілік атаулының бәріне қолайлы жағдай жасау үшін жылыжай газдардың рөлі үлкен. Жылыжай газдардың негізгі қасиеті – олардың жылуды ұстап қала алуы. Атмосферадағы жылыжай газдары күннен келетін жылуды ұстап қалып, жер шарымызда тіршілік көзі болатындай температураны ұстап тұрады. Бірақ, атмосферадағы жылыжай газдардың концентрациясының шамадын тыс жоғарылап кетуі күннен келетін жылуды көбірек ұстап қалуға алып келеді, ал бұл жалпы жер бетінің орташа температурасының жоғарылауына апарады.
Әлемде жылыжай газдардың ішінде негізінен көмірқышқыл газдарын азайтуға көптеген іс-шара қабылданып жатыр. Салыстырмалы түрде, 100 жыл аралығында, метан газы климаттың жаһандық жылыну әлеуеті бойынша көмірқышқыл газынан 28 есе жоғары. Сондай-ақ, жанғыш қасиетіне байланысты метан газын отын ретінде де пайдалануға болады. Жер қойнауынан алынатын табиғи газ құрамының 90%-дан астамы метаннан тұрады. Метан газын ауаға шығарып, климаттың өзгеруіне әсер еткенше, оны ұстап қалып отын ретінде пайдаланудың жолдарын қарастырған жөн.
Неге Қазақстан метан шығарындыларын азайтуы керек?
Қазақстан не себепті метан шығарындыларын азайтуы керек деген сұраққа жауап беру үшін әуелі әлемде болып жатқан өзгерістерді түсінуіміз керек. Климаттың дағдарысына қарсы бағытталған 2015 жылы желтоқсанда 196 мемлекет қабылдаған Париж келісімі бар. Бұл келісімнің негізгі мақсаты – жер бетіндегі орташа температураның көтерілуін индустриялық дәуірге дейінгі орташа температурадан 2ºС-тан әлдеқайда төмен ұстау және орташа температураның көтерілуін 1,5ºС-тан асырмауға күш салу. Ірі халықаралық ұйымдар мен мемлекеттер, соның ішінде Қазақстан да жылыжай газдардың шығарындыларын азайтуға міндеттеме алды. Мысалы, Еуроодақтың мемлекеттері 2050 жылға қарай жылыжай газдар шығарындыларын таза нөлдік көрсеткішке жеткізбек. Қазақстан да басқа мемлекеттер сияқты Париж келісімі аясында 2050 жылға дейін энергияның 50%-ын жаңартылатын энергия көздерінен өндірмек, ал 2060 жылға қарай көміртегі шығарындылары жағынан толығымен бейтарап мемлекетке айналмақ. Яғни, көмір, мұнай және газ секілді қазба отындарынан бас тартып, жаңартылатын энергия көздеріне толығымен көшеді.
Әлемде климат дағдарысына қатысты қабылданып жатқан көптеген міндеттемелер мен іс-шаралар көмірқышқылды газ шығарындыларын азайтуға бағытталған. Бірақ, метан газының көмірқышқыл газына қарағанда жаһандық жылыну әлеуеті әлдеқайда жоғары болуына қарамастан, метан шығарындыларын азайтуға бағытталған іс-шаралар өте аз. 2021 жылдың қараша айында Ұлыбританияның Глазгоу қаласында өткен COP26-да Америка мен Еуропалық одақтың бастауымен антропогендік метан шығарындыларын азайту бағытында жаһандық жұмысты жандандыру үшін «Жаһандық метан міндеттемелері» (Global Methane Pledge) қабылданды. Бұл міндеттемелердің негізгі мақсаты – 2030 жылға қарай антропогендік метан шығарындыларын 2020 жылғы деңгейден кемінде 30%-ға қысқарту. «Жаһандық метан міндеттемелері» қабылданғаннан бері қатысушы мемлекеттердің саны 150-ге дейін өсті. Болашақта да метан шығарындыларын азайту бағытында жұмыстың үдей беретіні анық. Өкінішке қарай, Қазақстан бұл жаһандық қозғалысқа әлі қосылған жоқ.
Әлемдегі антропогендік метан шығарындыларының ең үлкен көзі – шығарындылардың төрттен бірін алып жатқан ауыл шаруашылығы, одан кейін көмір, мұнай, табиғи газ бен биоотын шығарындыларын қамтитын энергетикалық секторға және қоқыс-қалдықтарға келеді. «Жаһандық метан міндеттемелері» аясында мемлекеттер осы аталған көздерден келетін метан шығарындыларын азайтуға тырысып бағуда. Мысалы, 2022 жылдың 8 наурызында Еуропалық Комиссия 2030 жылға қарай өнеркәсіптік ауылшаруашылық қалдықтарынан биометан өндіруді екі есе арттырып, жылына 35 миллиард м3-ге дейін жеткізбек. Бұл әрине, метан шығарындыларын азайтып қана қоймай, энергетикалық қауіпсіздікті арттыратыны да белгілі.
Әлемде көптеген мемлекет «Жаһандық метан міндеттемелеріне» қосылып, метан шығарындыларын азайтуда жүйелі жұмыс атқарып жатыр. Еліміздің жақын көршілерінен Өзбекстан мен Қырғызстан метанға қатысты жаһандық міндеттемелерге қосылған. Болашақта климат дағдарысымен күресуді қолдау және Париж келісімі аясында межеленген мақсаттарға жету үшін Қазақстан да бұл міндеттемеге қосылуға мәжбүр болады. Бірақ Қазақстан бұл міндеттемелерге қазір қосылмауының және оны кейінге қалдыруының негізгі себебі – қазба отын көздеріне тәуелділігі болуы мүмкін. Еліміз басқа көптеген елдермен салыстырғанда қоршаған ортаға бөлінген метан шығарындыларын өндірілген көмірдің тоннасына шаққанда алдыңғы орын алады. Сондай-ақ, табиғи газ өндірудің болжамды ұлғаюымен еліміз газ құбырларынан метанның ағу қаупіне тап болады. Қазба отындарға қатысты жағымсыз себептерді тізе беруге болады.
Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртетін болсақ, жаңартылатын энергия көздеріне көшу және жалпы экологиялық ахуалды жақсарту ұзақ уақыт айтарлықтай үлкен инвестицияны және жүйелі жұмысты қажет етеді. Мысалы, көшбасшы деп саналатын Еуропа мемлекеттерінің өзі де 20 жылдан астам уақыт пен жүйелі жұмыстың арқасында 2021 жылы энергияның 22%-ын жаңартылатын көздерден алу межесіне жетті. Қазірдің өзінде Еуропалық Парламент 2030 жылғы жаңартылатын энергия көздерінің міндетті нысанасын 40%-ға дейін көтеруді және осы бағыттағы жұмысты одан әрі үдетуді қарастырып жатыр. Сондай-ақ, Еуропалық мемлекеттердің «Жаһандық метан міндеттемелері» аясында атқарып жатқан жұмыстары тек 2050 жылға қойған межелеріне жетуге септігін тигізеді. Ал Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртек бейтарап мемлекет болуы туралы мақсатына атқарып жатқан жұмыстары сәйкес келмейді. Энергетика министрлігінің статистикасына сәйкес, 2021 жылы өндірілген жалпы электр энергиясының тек 4%-ға жуығы сарқылмайтын энергия көздерінен келген. «Жаһандық метан міндеттемелеріне» қосылу жайлы шешімді кейінге қалдыру – 2060 жылғы межеге жетуді тежейтіні анық.
Бұл мақала Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауы және демеуімен «Bilim Barine» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Methane as Sustainable Gas in Kazakhstan» жобасы аясында жазылған.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение