Мәзір

Америкалықтар Қазақстанда қой етін өндіруді жолға қоймақшы

15.06.2021
Америкалықтар Қазақстанда қой етін өндіруді жолға қоймақшы

АҚШ бизнесмендері Қазақстанда қой етін өндіру мен экспорттауды ұйымдастыруға қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды World of NAN.

Кеше, 14 маусымда, АҚШ-Қазақстан 2021 сауда-инвестициялық форумы басталды. Онлайн форум аясында Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі ынтымақтастық мүмкіндіктері және перспективалары талқыланды.

Қазақстандық тараптан еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров сөз сөйледі. Өз сөзінде министр бүгінде Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы жетекші әріптесі болып табылатынына баса назар аударды. Әлемдік дағдарысқа қарамастан, екі ел арасындағы сауда ынтымақтастығы жалғасуда деп жеткізді.

«Бүгінде АҚШ компанияларының қатысуымен 3 инвестициялық жоба әзірлену үстінде. Бұл Ақмола облысында форель өсіру бойынша жабық типтегі кешен құрылысы, суару жабдықтарын шығаратын зауыт салу, сондай-ақ, қуаттылығы тәулігіне кемінде 2000 бас мал союға жарамды ет өңдеу зауытының құрылысы», – деді АШМ басшысы.

Министр Қазақстандағы АӨК экономиканың қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар елдің географиялық орналасуы ірі нарықтары бар елдерге экспортты ұлғайтуға мүмкіндік беретінін де алға тартты.

Өз кезегінде форумқа қатысушы «Tyson Foods» ірі азық-түлік трансұлттық корпорациясының өкілі Крис Лангхольц министрдің пікірімен келісетінін айтып, Қазақстанға іссапары туралы әңгімесімен бөлісті.

«Біз Қазақстанға бірнеше рет келдік. Жергілікті билік өкілдерімен  кездесу кезінде мемлекеттің агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуға деген зор құлшынысын байқадық. Қазақстан шын мәнінде барлық маңызды клиенттердің нарықтарына шыға алады және зор ресурстарға ие. Сондықтан бәсекелестікті кеңейту аясында біз Қазақстаннан қой етін жеткізумен айналысқымыз келеді», – деді Крис Лангхольц.

Компания қай елдермен ет экспорты бойынша қарым-қатынасты дамытпақшы деген сұраққа компания өкілі бұл өндірілетін еттің сапасына және тұрақты дамуға байланысты болады деп жауап берді.

«Біз Еуропа мен Азия үшін қой етін шығаруға қабілеттіміз. Ең үлкен нарық Қытай болады. Таяу Шығысты негізгі нарық еткіміз келеді, сондықтан халал талаптарын сақтау маңызды болады. Біздің ойымызша, осындай қызметті ұйымдастырудан барлық тараптар пайда көреді. Өйткені әлем сапалы қой етін ұсынатын тағы бір нарықпен толығады. Бұл ретте біз дамудың әр түрлі жолын қарастырамыз. Қазақстанның дамуын қолдау үшін зерттеу және білім беру орталықтарын ашуға ниеттіміз», – деді Крис Лангхольц.

Америкалық бизнесменнің идеясы Қазақстан Үкіметінің мақсаттарымен де үндесетінін атап еткен жөн. Естеріңізге салсақ, жақында ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы, экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауды басымдыққа айналдыру міндетін қойған болатын.

Америкалық кәсіпкерлерлердің идеялары жүзеге аса ма, жоқ па, оны уақыт көрсетер. Өз кезегінде World of NAN жаңалықтарды жіті қадағалап, жобаға қатысты қандай да бір ақпарат шықса, хабардар етуге дайын.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии