Мәзір

Су тапшылығы БҚО-да мал шаруашылығын дамытуға кедергі келтіруде дейді Н.Төреғалиев

29.01.2021
Су тапшылығы БҚО-да мал шаруашылығын дамытуға кедергі келтіруде дейді  Н.Төреғалиев

Сенатор Нариман Төреғалиев еліміздің Премьер-Министріне жолдаған депутаттық сауалында Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарында орын алған су тапшылығына қатысты алаңдаушылығын білдірді. Депутат су жеткіліксіздігі ауыл шаруашылығына да кері әсерін тигізіп, мал басын көбейту, оны өңдеу және экспорттау жобаларына қолбайлау болып отырғанын да жеткізді, деп хабарлайды World of NAN ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатор өз сауалында 4 ауданның, оның ішінде Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандарының 80 мыңнан астам тұрғыны су тапшылығын сезініп отыр деді. Бұл аймақ негізінен мал шаруашылығымен айналысады, ал суды Ресейден алуға мәжбүр көрінеді. Бүгінгі таңда Еділ өзенінен Ресейдің Саратов, Волгоград облыстары арқылы облыстың оңтүстік аймақтарына ағып келетін су мөлшері айтарлықтай азайған. Су алу шығындары болса, керісінше өсіп келеді.

Қазіргі кезде Саратов каналынан 54 млн, Волгоград облысынан тағы 28 млн текше метр су келеді. Батыс қазақстандықтардың нақты мұқтаждарына қосымша 131 млн текше метр су қажет екенін жеткізді сенатор.

«Екі өзеннің бойында орналасқан шағын су қоймаларының сыйымдылығы 211 млн м3 құрайды. Бірақ қазір бұл су қоймалары бос тұр деуге болады. Ол өз кезегінде, судың жойылуына, минералдануына, ластануына және балықтар мен малдардың еріксіз қырылуына әкеп соғуда. Су мәселесінің күрделілігі сонша, шаруа қожалықтары жем-шөп дайындау үшін қажетті суды шектеуге мәжбүр болып отыр. Олар, ендігі кезде мал суаруға су жетсе соған қуанатын болды», - деп атап өтті Н.Төреғалиев.

Облыс алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі мал басын көбейту, оны өңдеу және экспорттау болып табылады. Су тапшылығы бұл мақсатты жүзеге асыруға айтарлықтай кедергі келтіріп келеді екен.

«Соңғы жылдары шаруа қожалықтары мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен шетелден асыл тұқымды мал сатып алуда. Бірақ қазіргі су тапшылығы кесірінен барлық малдан айырылып қалу қаупі бар», - дейді сенатор.

Нариман Төреғалиев депуттатық сауалында қаржыландыру мәселесін де қозғады. Депутаттың айтуынша, өткен жылы 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекіту кезінде батыс өңірінің тұрғындарына су жеткізу шығындарын өтеу мәселесі қолдау таппады.

«Облыстағы бұл өзекті мәселе мал шаруашылығымен айналысуда қиындық тудырып қана қоймай, сонымен қатар Мемлекет басшысының балық шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындауға теріс әсер етеді», - деді депутат.

Ол өз сауалында Үкімет басшысынан биылғы жылдың ақпан-наурыз айларында бюджетті нақтылау кезінде 131 млн м3 көлемінде су жеткізу жөніндегі шығыстарға қосымша 3,5 млрд теңге бөлуді сұрады. Бұл Батыс Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін қаржы көлемі деп атап өтті сенатор.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии