Мәзір

Испаниялықтар Ақтауда құрамында азот бар тыңайтқыш өндірісін ашады

14.12.2023
Испаниялықтар Ақтауда құрамында азот бар тыңайтқыш өндірісін ашады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Tecnicas Reunidas компаниясының атқарушы төрағасы Хуан Лиадо химия және мұнай-газ химиясы салаларында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Бұл туралы World of NAN порталы Үкіметке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Жалпы 2005 жылдан бастап Испанияның компаниялары Қазақстанға шамамен $300 млн инвестиция құйды. Республикада жетекші испаниялық брендтер, олардың ішінде Maxam, Inditex, Pronovias және басқалары кеңінен ұсынылған.

«Біз Tecnicas Reunidas компаниясының Ақтаудағы жаңа аммиак-карбамид кешенінің жобалық құжаттамасын әзірлеу, сондай-ақ Атырау облысында полиэтилен өндіру аясында “ҚазАзот” және “ҚазМұнайГазбен” ынтымақтастығын қолдаймыз», — деді Әлихан Смайылов.

Ол аммиак-карбамид кешенінің құрылысы Қазақстан үшін жаңа өнім – карбамид өндірісін жолға қоюға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл – кез келген топыраққа жарайтын құрамында азот бар бірегей тыңайтқыш.

«Біз аталған екі маңызды жоба бойынша жұмысты бірнеше ай бұрын бастадық. Ең оңтайлы шешімдерді іздеп тауып, жергілікті компаниялармен серіктестікте тиімді құрылыс жұмыстарын жүргізетінімізге сендіре аламын. Жобаларды сәтті іске асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», — деді Tecnicas Reunidas компаниясының атқарушы төрағасы.

Анықтама: Tecnicas Reunidas – өнеркәсіптік жобаларды әзірлеп, жүзеге асыруға маманданған испаниялық компания. Қызмет еткен жылдары компания әлемнің 60-тан астам елінде 1 000-нан астам өнеркәсіптік кәсіпорынның құрылысын жобалап, басқарды. 2020 жылы Tecnicas Reunidas Астанада кеңсесін ашты. Ол 2002-2004 жылдары ҚР мұнай-газ саласындағы инженерлік жұмыстарға тартылған болатын.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии