Мәзір

Қасым-Жомарт Тоқаев: АӨК-тің заманауи техникасыз дамуы мүмкін емес

07.09.2021
Қасым-Жомарт Тоқаев: АӨК-тің заманауи техникасыз дамуы мүмкін емес

Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысында Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылындағы «Сервис Жарс» ЖШС егіс алқаптарын аралап көрді. Мемлекет басшысы дәнді дақылдар егістіктерінің жай-күйімен танысты, егін жинау жұмыстарына тартылған ауыл шаруашылығы техникасын қарап шықты.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен және механизаторлармен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Жолдауында аграрлық саланы дамыту жөнінде бірқатар міндеттер қойғанын еске салды.

«Біз субсидия саласындағы саясатымызды жетілдіріп, ретке келтіруіміз қажет. Осы мәселе жөнінде мен Жолдауымда тоқталып өттім, бұл жерде барлығы айқын болуы тиіс. Болашақта субсидиялар ұмыт болып, олардың орнын төмен пайыздық несиелер басады деген пікір бар. Бірақ қазір біз ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көмектесуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент дайын өңделген өнімнің, атап айтқанда ұнның, экспорты көлемінің төмендеуіне алаңдаушылық білдіре отырып, қолайлы тарифтік саясаттың қажеттілігін атап көрсетті.

«Біз дәстүрлі түрде ұнды Өзбекстан, Түрікменстан, Ауғанстан елдерінің нарығына жеткіземіз. Жалпы алғанда Үкімет, сауда министрлігі тарифті реттеу мәселелерімен нақты айналысуы тиіс деп санаймын. Үкімет келешекте астыққа экспорттық баж салығын енгізу мәселесін көтеріп отыр. Бірақ қазір қалыптасқан жағдайды (ахуалды) ескере отырып, бұған кірісу әлі ерте деп ойлаймын. Сондықтан тауар өндірушілерге, әсіресе ұн өндірушілерге көмектесу үшін субсидия механизмін іске қосуымыз керек. Біз қосымша құнының деңгейі жоғары дайын, өңделген өнімдер шығаруымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін озық техникамен қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.

«Үкімет тарапынан аграрийлерді осындай техникамен қамтамасыз етуде көмек көрсетілуі тиіс. Егер заманауи техника болмаса, біздің ауыл шаруашылығымыз дамымай қалады. Бұл – ақиқат. Сондықтан Үкімет менің тапсырмам бойынша тиісті жұмыстарды іске асыруды жалғастырады. Екіншіден, бұл техника барлық аграрийлерге қолжетімді болуы керек. Несиелерге келетін болсақ, бұл саясат жалғаса береді. Несие мөлшерлемесі төмен болуы тиіс. Бұл мәселеге мен үлкен мән беріп отырмын», – деді Президент.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту перспективалары туралы есебін тыңдады.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии