COVID-19 пандемиясы Қытайдағы мал шаруашылығына теріс әсер етуде. Бұл жағдай болашақта қазақстандық экспорттаушылар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Мұндай пікірді бүгін Дүниежүзілік банктің ауылшаруашылығы бойынша жетекші экономисті Сергий Зоря онлайн-брифинг барысында айтты.
«Қытайдағы пандемия мал шаруашылығына қатты әсер етті. Шағын өндірушілер көп, алайда оларға тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қатысты барлық қатаң ережелерді - санитарлық, эпидемиологиялық тәртіптерді сақтау қиынға соғуда. Сондықтан Қытай шаруашылықтарын кеңейтуге көшеді және ет өнімдерін импорттан ала бастайды», - деді Зоря.
Қытай ет алатын ең үлкен нарық және болашақта да сондай ел болып қала береді, деп атап өтті ол.
Коронавирустық пандемия нарыққа, негізінен логистикаға әсер етіп, өнімдерді жеткізуге байланысты уақытша мәселелер тудырды. Сондай-ақ, Қытай тұрғындарының зат сатып алу қабілеті де төмендеді.
«Уақыт өте келе Қытайда еттің барлық түріне - сиыр етіне, шошқа етіне, қой етіне сұраныс арта түседі. Бұл іргелес жатқан біздің еліміз үшін жақсы мүмкіндік және Қазақстан үшін жақсы нарық. Бұл елмен көптеген фитосанитарлық, ветеринарлық келісімдерге қол қойылды. Агрология және мал шаруашылығы бойынша Қазақстаннан Қытайға тірідей малдарды және етті жеткізудің жолдарын жақсарту үшін көп қаражат жұмсалды.
Сондықтан, бізде экономиканың өсуімен және етке сұраныстың артуымен Қытайға ет экспорттауға жақсы мүмкіндіктеріміз бар деп санаймыз», - деді спикер.
Алайда, қазіргі уақытта Қытайға экспорт жабылған жоқ, тек азайды. Бірақ уақыт өте келе ол қалпына келеді, тіптен пандемиядан кейін ет экспорты көп болуы да мүмкін.
Бұған дейін қазақстандық мал өсірушілер биылғы жылдың соңына дейін Қытайға шошқа етін экспорттауды қолға алатындықтары туралы хабарлаған болатын.
Сонымен қатар, мамыр айында қазақстандық экспорттаушыларға Қазақстан-Қытай шекарасынан өту тәртібін жеңілдетті.
Ақпарат көзі: eldala.kz
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение