Мәзір

Ауыл шаруашылығы министрі Президенттің тапсырмалары қалай орындалатынын жеткізді

02.09.2021
Ауыл шаруашылығы министрі Президенттің тапсырмалары қалай орындалатынын жеткізді

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет мүшелеріне Президент Жолдауын іске асыру бойынша министрлік әзірлеген және қабылдап жатқан жүйелі шаралар туралы баяндады.

Министрдің сөзінше, бірінші кезекте ауа райының қолайсыздығынан ауыл шаруашылығы өндірісіне кері әсер ететін факторларды азайту үшін егін шаруашылығын әртараптандыру қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, мал азығы базасын дамытуға ерекше мән беріледі.

«Бүгінде заманауи цифрлық технологияларды, ғарыштық мониторингті және жерді қашықтан зондтау технологияларын пайдалана отырып, жер пайдаланушылардың қызметін бақылау және әртараптандыру процесін мемлекеттік реттеу шараларының тиімді тетіктері әзірленуде.

Бұл шаралар мал азығы дақылдарының ауыспалы егістегі үлесін ғылыми негізделген нормаларға дейін жеткізіп, егіс алқабын 2 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деді Е.Қарашөкеев.

Сондай-ақ, жайылымдардың өнімділігін арттырудың, оларды суарудың неғұрлым тиімді моделін қолдану арқылы жаңа жайылымдық жерлерді айналымға қосудың жаңа тәсілдері әзірленіп, енгізілетін болады.

Шамамен 1,6 млн жеке қосалқы шаруашылық 2,6 трлн теңгенің өнімін немесе барлық ауыл шаруашылығы өнімінің 41,5%-ын өндіреді. Қолда бар әлеуетті ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң жобасы әзірленіп, ұсынылатын болады. «Аталған заң жобасын қабылдау – жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту барысында туындайтын мәселелерді реттеуге, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықтардың мемлекеттік қолдау шараларына барынша қол жеткізулеріне мүмкіндік береді», – деп баяндады министр.

Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану жоспарланып отыр. Яғни, шашыраңқы жеке қосалқы шаруашылықтарды тамақ және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге барынша жұмылдыру қажет.

«Кооперацияның «Бірге – күштіміз» қағидаты ауылдағы ұсақ тауарлы өндірістің бәсекелестік басымдығын арттыруға мүмкіндік береді», – деді министр Е.Қарашөкеев.

Кооперация арқылы Жамбыл облысы халқының табысын ауқымды және тиімді арттыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырудың оң тәжірибесі 2021-2025 жылдарға арналған АӨК дамыту жөніндегі әзірленіп жатқан ұлттық жоба шеңберінде кеңейтілетін болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ветеринария жүйесі түбегейлі реформаланатын болады. Мемлекеттік монополия қызметтерінің бір бөлігін бәсекелес ортаға беру жоспарланып отыр. Ветеринарлық қызметтің жұмысы цифрлық форматқа көшіріліп, сол арқылы эпизоотиялық жағдайдың бақылануы және мал шаруашылығы өнімінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін болады. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветқызметтері арасындағы өкілеттіктердің аражігі ажыратылады. Ветеринар мамандардың жалақысын көтеру мәселесін шешу жоспарлануда.

«Бұл бастамаларды іске асыру үшін ветеринария саласындағы заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар пакеті әзірленетін болады», – деп атап өтті министр.

Саланы мемлекеттік қолдау тұтастай алғанда оны оңтайландыруға, оның өндіріс көлеміне қарамастан барлық субъектілерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге, түпкілікті нәтижеге қол жеткізуге және саланы техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруға бағытталатын болады.

«Бұл жұмыс мал шаруашылығы саласын субсидиялаудан бастап кезең-кезеңімен жүргізіледі», – деді мекеме басшысы.

Егіс алқаптарын әртараптандыру, ауыл шаруашылығының жалпы өнімін ұлғайту, еңбек өнімділігін арттыру, жерді тиімді пайдалану жөніндегі талаптарды орындау сияқты бизнеске жүктелетін міндеттемелер кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Субсидия тиімділігінің жүйелі мониторингі мақсатында АӨК-ні субсидиялау тиімділігінің әдістемесі қабылданатын болады.

Баяндама соңында Е.Қарашөкеев ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының Жолдауы аясында ведомствоға жүктеген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуы үшін қажет шаралар әзірлегеніне басым назар аударды.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии