Үкіметте кәдеге жарату ақысын (утиль алымы) жою немесе азайту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Оған тиісті министрліктер, депутаттар мен қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды World of NAN.
Министрліктер мен бизнес өкілдерінің көпшілігі ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізетіндіктен утиль алымының ақысын азайту немесе толығымен алып тастау керек деген пікір білдірді.
Бірінші себеп - шығындардың өсуі. Утиль алымын енгізуге байланысты ауыл шаруашылығы техникасының жекелеген түрлерінің құны екі есеге өсті. Мысалы, көршілес Қырғызстанмен салыстырар болсақ, ол жақтағы ауыл шаруашылығы техникасының кейбір түрлері біздің елдегіден 40 пайызға арзан. Техника құнының мұндай жоғары болуы фермерлердің шығынын көбейтіп, оларды нарықта бәсекеге қабілетсіз етеді. Қазақстан агроөнеркәсіптік алпауыт Ресеймен шектеседі, ол елде кейбір ауылшаруашылық дақылдың өнімділігі екі есе жоғары. Бұл ретте ауыл шаруашылығы техникасы көрші елде арзанырақ. Осылайша отандық фермерлер тең емес шарттарда бәсекелесуге мәжбүр болып отыр. Олар алдағы уақытта мұндай қысымға төтеп бере ала ма?
Екінші себеп – ауыл шаруашылығы техникасының ассортименті азайып кетті. Нарықта отандық құрастырушыларға айқын жақтасу байқалады. Сондықтан шетелдік өндірушілердің кейбірі Қазақстан нарығына кірудің мәнін көрмей отыр. Фермерлердің техниканы таңдау мүмкіндігі өте шектеулі әрі өздеріне ең жақсы шешімді табуға мүмкіндігі жоқ. Мұндай жағдайда өнімділікті қалай арттыруға болады?
Үшінші себеп – ауылшаруашылық техникасы тозуының орасан зор көлемде болуы (85%). Елімізде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту көрсеткіші төмен екенін президенттің өзі де бірнеше мәрте айтты. Сөйтіп мемлекет басшысы жаңару қарқынын еселеу жөнінде тапсырма берді. Бірақ көлемі 8 миллион теңгеге жететін утиль алымымен мұны қалай жасауға болады?
Бүгінгі таңда Қазақстан ауыл шаруашылығы өндірісін жандандырып, оның тұрақтылығын қамтамасыз етуге басты назар аударуы керек, ал мұндай алымдар саланың ғана емес, мемлекеттің де дамуына кедергі келтіреді.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение