Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесін көтерді, деп хабарлайды World of NAN.
«Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет», - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беруді бір жарым триллион теңгеге, инвестициялық жобаларды 800 миллиард теңгеге дейін арттыру қажет. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингінің көлемін жыл сайын 450 млрд теңгеге дейін арттыру қажет.
«Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады. Сонымен қатар, минералды тыңайтқыштарды енгізу деңгейін ғылыми негізделген талаптың кем дегенде 50%-ына дейін арттыра аламыз. Келісерсіз, гектарына 10 центнер астық – елімізді қай жағынан да әдемі етпейтін көрсеткіш. Бұл жоғары сапалы тыңайтқыштар қазақстандық кәсіпорындарда шығарылғанымен, біздің агрохимия мүлдем жұмыс істемейді деген сөз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, оның айтуынша, ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетіндердің санын айтарлықтай арттыру қажет. Егінді әртараптандырып, өнімділікті арттыратын шаруаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет.
«Бірыңғай жер салығын қолдану мәселесін қайта қарау керек деп ойлаймын. Өйткені бұл жерде шын мәнінде шешімін таппаған мәселелер көп. Басты шарт – ол басқаруды жеңілдетіп қана қоймай, жерді пайдаланудың тиімділігін де ескеруі қажет. Мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылуға тиіс, мамандандырылған қаржы институттарының қызметтерін біріктірген жөн. Аграрлық несие корпорациясының әлеуетін күшейтіп, оған ауыл шаруашылығын субсидиялау бойынша әкімдіктердің функцияларын беру қажет. Ол үшін ауыл шаруашылығы субъектілерін жеңілдетілген несиелендіру және субсидиялау қызметтерін бір цифрлық платформа аясында біріктіру қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение