Мәзір

Президент Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенге ерекше назар аударды

02.09.2021
Президент Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенге ерекше назар аударды

Кеше Президент Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады. Мемлекет басшысы өз сөзінде агроөнеркәсіптік кешенде көптеген мәселелер қордаланып қалғанын, оларды шешу жүйелі шараларды қажет ететінін атап өтті.

Бірінші кезекте Қасым-Жомарт Тоқаев барлық қазақстандықтар үшін өзекті азық-түліктің қымбаттауы мәселесін қозғады. Оның пікірінше, АӨК азық-түлік тауарларына тиімді баға белгілеу және бөлу үшін көтерме-тарату орталықтары желісін құру және осы орталықтардың шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды.

Мемлекет басшысы мал шаруашылығындағы жем-шөп тапшылығына байланысты проблемаларды да назардан тыс қалдырмады.

«Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн. Сондай-ақ, егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал. Ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану керек. Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс», – деп атап өтті Президент Жолдауында.

Аталмыш мәселелерді шешу үшін ол Үкіметке ауыл тұрғындарының жеке аулаларына құқықтық мәртебе беру және оларды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету үшін «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырды.

Президент орталық пен өңірлер арасындағы функциялар мен өкілеттіктердің аражігін нақты ажыратуды қажет ететін ветеринария саласына да ерекше тоқталды. Өйткені мал денсаулығы мен өнімділігі жергілікті жерлердегі ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Ал бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатына да тікелей әсер етеді.

«Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Сондықтан, осы салада жүйелі жұмыс атқарылуы тиіс. Атап айтқанда, үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шаралары. Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Ол сала министрлерімен бірге жиі өзгеріп отыратын аграрлық саясаттағы өзекті тақырып – субсидия бөлу мәселесін де қозғады. Бұл бағыттағы проблемалар фермерлерге болашақта жұмысты жоспарлауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан Президент оның белгілі жүйесін әзірлеу қажет деп санайды.

«Субсидиялау тәсілдерін қайта қарап, тұрақтандыру керек. Соңғы бес жылдың өзінде субсидиялауға екі триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр. Бұған жол беруге болмайды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Оның айтуынша, нормативтік базаны нығайтып, тиімді жоспарлау мен мониторинг жүйесін енгізу өте маңызды. Субсидияларды рәсімдеу тәртібі түсінікті және ашық болуы қажет. Субсидиялар шағын және орта шаруашылықтарға толық көлемде қолжетімді болуы тиіс.

«Ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет. Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек. Ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастырған жөн. Үкімет пен «Бәйтерек» холдингі осы мәселе бойынша ұсыныстар әзірлеуі қажет», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Президент жоғарыда айтылған шешімдердің барлығы ұлттық экономиканың негізгі тетігіне айналған елдің агроөнеркәсіптік секторына оң әсер ететініне сенімді.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии