Қазақстанда қант өндіру саласы құлдырай бастады
Қазақстандық қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының мәліметінше елімізде қант өндіру саласының хәлі мүшкіл.
2019 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 225,4 мың тонна қант өндірілген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 0,7%-ға артық, дегенмен бұл көрсеткіш қанағаттандырарлық жағдайда емес. Еліміздегі қант өндіруші өңірлер:
Жамбыл облысы (157,1 мың тонна, өткен жылдан 3,7 %-ға артық)
Алматы облысы (65,3 мың тонна, өткен жылдан 3,9%-ға кем)
Алматы қаласы (2,6 мың тонна, өткен жылдан 23,3-ға кем)
Қазақстандық қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиеваның айтуынша, елімізде қант шығаратын 7 зауыт бар, алайда қазіргі таңда оның тек үшеуі жұмыс істеп тұр. Істен шыққан 4 зауытқа толықтай жөндеу мен жаңарту жұмыстары қажет. Қазір қауымдастықтың мамандарын нарықтағы жағдай алаңдатып отыр. Себебі біздің еліміз Ресей мен Беларусьтегі қант өндірісімен бәсекелесе алмайды. Өткен жылдардың тәжірбиесіне зер салсақ, 2010-2012 жылдары ресейліктер демпинг арқылы нарықтан отандық өнімдерді ығыстырып, кейін бағаны шарықтатып жіберген. Мамандар осындай жағдай қайталана ма деп күдіктеніп отыр. Өткен жылы Ресейде 6 млн тоннадан астам қант өндірілді. Бұл елде тәулігіне 315,6 мың тонна қант өндіретін 62 зауыт бар.
Ел қауіпсіздігі үшін азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз етудің экономикалық көрсеткіші 75%-ды құрау керек. Мәселен, Германияда бұл көрсеткіш 92%-ға тең, ал Англияда 72%-ды құрайды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қант көрсеткіші 49% болды, оның 40 мың тоннасы қызылшадан алынған қант. 2019 жылдың 10 айының қорытындысына тоқталсақ, ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметі бойынша, жергілікті өндірушілер елдегі сұраныстың 46,2 % ғана жаба алды. Сондай-ақ, ҚР-нан қанттың экспорттық жеткізілімі жүзеге асырылған жоқ. Небәрі 4,4 мың тонна, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 50,1 мың тонна болатын.
«Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы» ЗТБ ағымдағы маусымда елімізде ақ қанттың бағасы күрт төмендеді деп хабарлайды. Алматыда қыркүйек айының басында (05.09.2019) ресейлік қанттың бағасы бір килограмм үшін 160 теңге болса, желтоқсан айының басында бір килограмм үшін 130 теңгені құрады. Қазақстанның ішкі нарығындағы қант бағасының мұндай серпіні отандық қант зауыттарының экономикасына теріс әсер етеді. Қазақстанда қант қызылшасынан қант өндірісінің өзіндік құны ҚҚС есебімен бір килограмм үшін орташа есеппен 165-170 теңгені құрайды. Қауымдастық сарапшыларының есебі бойынша ресейлік қант зауыттарының шығынсыздық деңгейі біздің өндірушілермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Отандық қанттың сыртқы және ішкі бәсекеге қабілеттілігінің төмен болуының басты себебі де осы.
Расында да, Статистика комитетінің көрсеткіштері қауымдастықтың мәліметтерімен сәйкес келеді. Ресми мәліметтер бойынша, өткен жылдың соңғы тоқсанында қанттың бағасы айтарлықтай төмен түсті. Мәселен, IV тоқсанда қанттың орташа бағасы III тоқсан көрсеткішінен бірден 13,1% - ға кеміді. 2018 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда арзандатылған баға 21,6% - ға төмендеді.
Бұл ретте 2019 жылғы қаңтар–желтоқсанда 2018 жылғы 12 айға қарағанда жалпы баға 3,5%-ға өсімді көрсетті (жыл басындағы бағаның өсуі есебінен). Қазіргі уақытта тұтынушылар үшін қанттың бағасының төмен болуы тиімді, бірақ отандық қант өндіру саласының құлдырауына тосқауыл қоймасақ, нарықтағы қант бағасы да күрт өседі.
Қазақстанда қант өндіру саласының жәй-күйі әлі күнге дейін шикізат өндірудің бастапқы сатысында сондықтан мамандар ең алдымен қант қызылшасын өсіру мен өңдеудің заманауи әдісін жетілтіру керек дейді. Мемлекет тарапынан отандық өндірушілерге белсенді түрде қолдау көрсетілсе 4-5 жылдың ішінде жағдайды жақсартуға болады. Қант өндіру технологтясына түбегейлі өзгерістер қажет. Дәл қазір осы саланы қолға алмасақ тоқыраудың алдында тұр.
Қазақстандағы қант нарығының көлемі 450-500 мың тоннаны құрайды. Қант нарығын қамтамасыз ету үшін 4 млн тонна қызылша өсіру қажет.
Статистика комитетінің мәліметі бойынша 2018 жылы қант қызылшасының өңдеуден кейінгі мөлшері 504,5 мың тоннаны құрады. Бір жыл бұрын 463,2 тонна болған. Астық өнімі бір жыл ішінде әрбір гектардан 274,4 центнерден 305.3 центнерге дейін өсті. Өнімнің жылдық өсіміне қарамастан, бұл көрсеткіш ассоциация тұрғысынан талап етілген 4 млн тоннаға жетпейді.
Жыл ішінде егіс алқабы өзгерген жоқ, өткен жылдың басынан 17,4 мың гектарды құрады.
Қауымдастық қант нарығындағы демпингке байланысты отандық өндірушілерді қолдау мақсатында бірқатар шаралар ұсынды:
• ЕАЭО елдерінен 5 жылға дейінгі мерзімге (2024 жылға дейін) әкелінетін ақ қантқа 5% - дан кем емес мөлшерде тосқауылдық кедендік баж салығын енгізу;
• Ресей Федерациясынан қант импортына 50 мың тоннадан аспайтын көлемге квоталар енгізу және ішкі нарықта сатудың ең төменгі бағасын белгілеу;
• жергілікті өндірістегі қантты сатып алуды субсидиялау;
* жергілікті емес өндірушілерден қант сатып алуға тыйым салу;
* дамыған агроөнеркәсіптік елдердің мысалы бойынша қант қызылшасын өсіруге қант зауыттарына жер алқаптарын беру.
Мемлекеттік бағдарламалар тиімді әрі экономикалық өсімге әсер ететіндей болу керек. Мысалы, біздің көршіміз, Өзбекстан, қант әкелуге 20% акциз енгізді. Беларусь елінде нарықтағы баға отандық қант өндірісінің өзіндік құнынан төмен емес. Мамандар осындай тиімді бағдарламалар біздің елге де қажет екендігін айтады.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение