Мәзір
26 қаңтар 2021
2 мин
4397
Жариялаған:

Мұхит немесе теңіз суын тұщыландыру – тұщы су алудың баламасы

Мұхит немесе теңіз суын тұщыландыру – тұщы су алудың баламасы

Қазір миллиондаған адамдар әлемнің әр түкпірінде тұщы су тапшылығын сезінуде, кейбірі тіпті сапалы ауыз су жоқтығы салдарынан, елді-мекен жанындағы су көзінің санитарлық және гигиеналық жағдайының нашарлығынан ауруға шалдығып, көз жұмуда. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта жалпы ғаламшарда тұщы су қоры тез азайып, ал оған деген сұраныс күннен күнге артып келеді. БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) өкілдері мәселені теңіз және мұхит суларын тұщыландыру арқылы шешуді ұсынады, деп хабарлайды World of NAN ұйым жариялаған мәлімдемеге сілтеме жасап.

Қазіргі таңда суды тұщыландыру мәселесін шешу үшін 177 елде 16 мыңға жуық зауыт жұмыс істейді екен. Оларда мұхит суы тұздан тазартылып, тұщы суға айналады.

Мәселен Багам, Мальдив аралдары және Мальта сияқты кейбір елдер мұхит, теңіз суларын тұщыландыру арқылы халықтың суға қажеттілігін толық қанағаттандырып отыр. 34 миллион халқы бар Сауд Арабиясы ауыз судың шамамен 50%-ын суды теңіз суларын тұздан тазарту арқылы алады. Жалпы, әлемде тұзсыздандыру зауыттарында Ниагара сарқырамасының орташа ағымының жартысына тең көлемде тұщы су алуға болады дейді сарапшылар. Көптеген адамдар тұзды мұхит суларын тұщыландыру ауыз су проблемасын шешудің оңтайлы жолы деп ойлауы мүмкін. Алайда ЮНЕП мамандары аталмыш әдістің де маңызды тұстары бар деп ескертеді. Әсіресе тұзсыздандыру кезінде процестің қоршаған ортаға қауіпсіздігіне қатты назар аударған жөн, дейді ұйым.

«Тұзсыздандыру процестері кезінде ауыз судың әр литрін өндіру нәтижесінде хлор мен мыспен ластанған шамамен 1,5 литр сұйықтық пайда болады. Бұл қауіпті сұйықтық мұхиттағы суға қарағанда екі есе тұзды. Егер ол зат тиісті деңгейде одан әрі сұйылтылмаса немесе дұрыс өңделмесе, олар жағалаудағы және жалпы теңіздегі экожүйелердің бұзылуына әкелетін улы тұзды цикл құра алады. Мұның сыртында тұздың көп мөлшерде түзілуі және жоғары температура теңіздер мен мұхиттарда «өлі аймақтардың» пайда болуына әкелуі мүмкін», – дейді ЮНЕП.

Тұщыландыру нәтижесінде алынған заттарды да пайдаға жаратуға болады екен. Зерттеулер көрсеткендей, ауыз су дұрыс тазартылса, түзілген тұздан техникалық тұз өндіру, металдарды қажетті салада пайдалану әбден мүмкін. Ал тазартудан қалған тұзды су балық өсіру шаруашылығына таптырмайды дейді мамандар.

Экологтар теңіз суында әртүрлі, кейде өте сирек кездесетін минералдар бар екенін айтады. Оларды суды тұзсыздандыру процесінде қалған тұзды сұйықтықтан алуға болатын көрінеді. Алайда, мұндай әдісті енгізу өте көп қаражат қажет ететініне байланысты әзірге ешкім қолға алмай отыр екен.

Обсуждение

0 моментарии