Мәзір
01 қазан 2019
4 мин
4040
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Күзгі егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр

Күзгі егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр

Қыркүйек пен қазан Қазақстанда егін орағының қызған шағы. Еңбеккерлерді ауыл ішінен іздесең таппайсың, олар таңның атысы кештің батысы қырман басында.

Биыл қазақстандық диқандар жалпы көлемі 22,2 миллион гектар жерге дән астық септі. Оның 15,4 млн гектары дәнді дақылдар болса, соның ішінде 11,4 млн гектары бидай алқабы. Қазір республика бойынша орташа өнімділік гектарына 11,5 центнерді құрауда.

Бүгінгі күні оның 94,6% жинап алынған. Ел үкіметі күзгі дала жұмыстарын өз уақытында жүргізуді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдады. Мәселен, 14,2 млн тонна дәнді дақыл және бұршақты дақылдар қоймаға жинақталған.

Егін жинау науқаны Батыс Қазақстан мен Түркістан облысында аяқталған. Қалған өңірлер де әне-міне дегенше астықты қоймаға жиып алмақшы. Ауылшаруашылығын қолдау мақсатында жиын-терінге Үкімет қазынасынан 395 мың тонна жанар-жағармай бөлінген. Жиналған астықтың 58 пайызы 3 санаттағы бидай. Биылғы күзгі ауа-райының қолайсыздығы бидай сапасына да әсер етіп қоймады. Бидай ылғалды болғандықтан оны кептіру үшін Үкімет қосымша 50 мың тонна жанармай бөліп отыр.

Жалпы, көктем мен жаз айларының құбылмалы ауа-райы диқандарды біраз әбігерге салды. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің мамандары биыл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға аз астық жиналады деген болжамдар айтуда. Бұл әрине, нан бағасының қымбаттауына әсер етпей қоймасы анық. Отандық диқандарды қолдау мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» астықты сатып алу бағасын көтеріп, осылайша бағаны тұрақтандырмақшы. Яғни сатып алынған астық өңірлерде нан бағасының қымбаттамауына себеп болады.

Биылғы жаз, әсіресе шілдеде болған аптап ыстық Қостанай өңірінің диқандарына ауыр соқты. Биыл Тобыл өңірі әр гектарынан орта есеппен 3-4 центнерден егін орып жатыр. Ал көршілес солтүстік қазақстандық диқандар гектарынан 15 центнерден астық жинау үстінде. Қызықлжар өңірі де астық жинау науқанын аяқтауға тақап қалды.

Ал астықты Ақмола облысында егін алқаптарында 8 жарым мың комбайын егін жинаса, оның үш жарым мыңы соңғы үлгідегі заманауи техника.

Биыл Ақмола өңірінен 4,8 миллион гектар алқаптан егін жиналу керек деген меже тұр. Оның ішінде дәнді дақылдар – 4,3 млн га, майлы дақылдар – 260,5 мың га, жемшөп – 178 мың га. 17,4 мың гектардан картоп, ал 3,8 мың гектардан көкеніс жерден жиналды.

Жалпы, биылғы жылдың егін орағын қорытындылау әлі ерте. Егін салып, Жер Ананың ырыздығына кенелемін деген шаруалар әлі де егістік басында. Алда үлкен белестер бар.

Обсуждение

0 моментарии