Мәзір
27 қыркүйек 2019
4 мин
20801
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Патша үкіметінің қазақ жерін отарлау саясаты

Патша үкіметінің қазақ жерін отарлау саясаты

Қазақ жерінің Ресей бодандығына ресми түрде кіргенге дейін-ақ орыс имперализмі ұлы дала территориясына көз салып, отарлау саясатын жүзеге асырудың нақ алдында тұрған кезі еді. 1730 жылы Кіші жүз ханы Әбілхайырдың Ресейге қосылуынан басталған бұл процесс орыс патшалығына есікті құлыпсыз ақ ашуға мүмкіндік берді.

Белгілі ғалым-ағартушы Шоқан Уәлиханов: «XVIII ғасырдың алғашқы он жылдығы қазақ халқының өміріндегі жантүршігерлік қасіретті кезең болды. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары мен башқұрттар жан-жақтан қазақ ұлыстарын ойрандады, кіріптарлыққа салды», – деп жазды. Әбілқайырды Ресейге бодан болуға итермелеген алдымен айнала қаптаған жаудың айбары еді. Әбілқайыр ханды осындай шешім қабылдауға белгілі дәрежеде орыс мемлекетінің сыртқы саясаты да мәжбүр етті деуге болады.

Әілқайырдың Патша Үкіметіне қосылу туралы өтініші

Қазақ даласының орыс мемлекетінің ықпалына ұшырайтынын Әбілқайыр хан білді. Еркіндікті бәрінен де жоғары қоятын қазақтар Ресей бодандығына түсуге не үшін келісті?! Көршілес елдердің Ресей бодандығынан шыға алмай жатқанын көре тұра, өз еркімен құрсауға түсуіне қандай себеп болды? Тарихи құжаттарға сүйенсек, Әбілқайыр хан Ресей қомқорлығына жүгінуге мәжбүр болғандығынан барғанын көреміз. Қаншама уақыт қытай, қалмақ, Бұқара мен Хиуа шапқыншылығынан мезі болған халқының жағдайын жақсарту үшін жасаған қадамы еді.

Әбілқайырдың өтініші бойынша қазақтарды Ресей бодандығына қабылдау жөніндегі 1731 жылы 19 ақпандағы Анна Иоановнаның қолы қойылған құжат бекітілген соң толығымен отарлау саясаты қарқынды жүргізіле бастады. Алдымен халық Ресейге, көбінесе сөз жүзінде ғана бағынып, іс жүзінде ру, тайпа билеушілері дербес саясат жүргізе берді. Патшалық Ресей халық көтерілістерін аяусыз басып отырғанымен, елдің ішкі істеріне араласпады. Ел ішіндегі беделді адамдарға, ру басыларына жалақы тағайындап, әр түрлі атақтар беріп, екінші жағынан әкімшілік реформалар жасап, көнбегендерін жазалау арқылы өз билігін күшейтті.

Бөліп ал да, билей бер!

Патшалық Ресейдің отарлау саясатының көздеген мақсатының ең негізгісі жерге ие болу еді. Орыстарды Ресейден көшіріп әкеліп, қазақ жеріне қоныстандыру арқылы ұлан байтақ аумақты өз иелігіне өткізу жоспары тұрды. Орыстарды қоныстандыру – бей-берекет, жоспарсыз, заңсыз жүріп, жергілікті қазақтарға зорлық-зомбылық жасау арқылы жүзеге асты. Оған шыдамаған тұрғылықты халық қарсылық көрсете бастады. Себебі қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан  салт-дәстүрі мен әдет ғұрыптары аяққа таптала бастады. Бұл қоныс аударушылар мен жергілікті халық арасындағы қарама-қайшылыққа әкеп соқты.

Патша өкіметі 1868 жылы «Далалық облыстар туралы уақытша ережені» бекітті. Осы заманға сәйкес Қазақстанның территориясы үшке бөлінді. Атап айтқанда, әкімшілік басқарылуы жағынан Сырдария мен Жетісу облысы – Түркістан, Орал мен Торғай – Орынбор, Ақмола мен Семей – Батыс Сібір генерал губернаторлығына бағынышты болды.

Былайша айтқанда Ресей отаршылары ежелгі басқыншылардың «Бөліп ал да, билей бер!» деген жауыздық ұранын патша жарлығымен заңға сәйкестендіріп алды.

Уақытша ереженің қасіреті

Қазақтар үшін ең ауыр соққы 1868 жылғы «Уақытша ережеге» сәйкес, сан ғасырлар бойы қазақ халқының атамекені  кең байтақ жер мемлекет меншігі деп жариялану еді. Мемлекет меншігі деген сөз – Патшалық Ресейдің иелігіне өтті дегенмен пара-пар. Тіпті бұл аз болғандай Патша үкіметі 1889 жылы орыс шаруаларын Қазақстанға қоныстандыру жөніндегі тағы бір заң шығарды. Арнайы қоныс аудару басқармасы құрылды. Міне, осы басқарманың араласу нәтижесінде қазақтың ең шұрайлы жерлері тартып алынды. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанға  1,5 миллион адам қоныс аударылды. Қазақстанның ең шұрайлы деген 45 миллион сотық жері тартып алынды. Жерден айырылу – елдігіңнен, еркіндігіңнен айырылу деп түсінетін біздің халық үшін нағыз қиын қыстау, қақтығыстарға толы уақыт болды. Бұл ретте әсіресе Патша үкіметі найзасын шошаңдатып, қылышын жалаңдатып, момын халыққа күн көрсетпегені өз алдына бір бөлек әңгіме.

1896 жылы Ресейден келушілер үшін ешқандай рұқсат алмай ақ қоныстануға рұқсат беретін арнайы заң қабылданады. Осының нәтижесінде алдағы онжылдықта Ақмола өңіріне көшіп келген халық жалпы тұрғындардың 54 пайызын құрайды. Оның салдары қарапайым халыққа тиіп, құн салығы, қосымша салық түрлері көбейіп, халықты ашық қанауға көшеді. Былайша айтқанда қазақтар орыстардың басыбайлы шаруасына айналып шыға келеді. Тіпті отарлау саясаты патша үкіметі құлап, пролетариат диктатурасы орнағаннан кейін де бәсеңдемегендігін тарихи құжаттар дәлелдеп бере алады.

Бәрін де қызықтыратын – жер!

Қазақтың ең шұрайлы жеріне қоныстанған орыстардың кесірінен тұрғылықты халықтың үлес салмағы бірден азайды. Бұл қазіргі күнге дейін өзге ұлттың өз жерімізде басым болуы сол кезеңнен басталса керекті.

Шындығында қазақта «бос жатқан» жерлер болмаған еді. Әр жер рудың жаз жайлауы, қыс қыстауына айналған, иесі бар жерлер болатын. 1906 жылы Міржақып Дулатов «Қазақ жерлері» деген шығармасында Патша Үкіметі шығарған «Уақытша ереженің» салдарын сипаттайтын мынадай жолдар бар. «Мұжықтың кетті бәрі қаласына, қала үшін кеткен бізден жақсы жерлер...» деген жолдар сол уақыттың дәл сипаттамасын береді.

Небір қасірет басынан өткен қазақ халқы үшін орыстандыру мен отарлау саясаты Кеңес Одағы орнаған тұста да жалғасты деуге болады. Бұл енді басқа мақалаға арқау болатын тақырып, ал сол қайғы қасірет пен қиындыққа толы кезеңдер тарих еншісіне келмеске кетті деп сенеміз. Кеңес Одағы тұсында тарих бұрмаланды. Ашылмаған, ақиқат, бізге беймәлім тұстар әлі де жетіп артылады. Отарлау саясатының кесірінен Астрахан, Орынбор, Омбы, Қорған сияқты елді мекендерден айрылып қалдық.  Ең шұрайлы, құнарлы, сулы, нулы жерінен айырылу – қазақ үшін қасірет еді. 

Обсуждение

0 моментарии